
Түркістан қаласындағы жалпы білім беретін мектептерді 3063 оқушы бітірді. Бүгін қорытынды емтихандарын сәтті тапсырған мектеп түлектеріне аттестат тапсыру салтанатты шаралары өтті.
Шаһардағы мектептерді бітіріп жатқан түлектердің ішінен 178 оқушы — «Алтын белгіге», 250 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанған болатын. Қорытынды емтихандарын сәтті тапсырған түлектер толық ерекше үлгідегі аттестатқа ие болды.
Жұмабек Тәшенов атындағы №23 IT мектеп-лицейі мен «Тұлға» жалпы білім беретін мектептердегі салтанатты шараға қатысқан қатысқан білім бөлімінің басшысы Бақытжан Нұрмаханбетұлы мен әдістемелік кабинет меңгерушісі Айна Қаратайқызы түлектерге ізгі ниеттерін жолдап, «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлерін, олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарының жеңімпаздарына аттестаттарын табыс етті.
Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, түлектерге зор мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Атап өту керек, бүгін Түркістан облысының барлық білім беру ұйымдарында оқушыларға білім алғанын куәландыратын құжаттар табысталды. Мектеп директорлары бітіруші түлектерге сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдірді. Түлектер ұстаздарына алғыс айтып, білім алған алтын ұяларымен қимай қоштасты. Аттестат түлектерге өзі білім алған мектептерінде салтанатты түрде берілді.
2024-2025 оқу жылында Түркістан облысы бойынша мектепті 33 мыңнан астам оқушы бітіріп, 27 386 Ұлттық бірыңғай тестілеуде бағын сынады. Түркістан облысында биыл 47397 оқушы 9-шы сыныпты бітіріп, бәріне аттестат берілді. Оның ішінде «Үздік аттестатқа» 5293 оқушы қол жеткізді. Ал 11 сыныпты 33 813 оқушы аяқтап, қолдарына мектепте білім алғандарын растайтын аттестат тапсырылды. Оның ішінде, 2272 оқушы “Алтын белгі” төсбелгісін, 2400 үздік аттестат иеленді. Осылайша 2024-2025 оқу жылында Түркістан облысында 9, 11-сыныптардың түлектерін қосқанда 81 мыңнан астам оқушыға аттестат табысталды.
Орайы келгенде айта өтейік, «Толағай» бөбекжай-балабақшасында Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Төлімбет Бақытжан Нұрмаханбетұлының мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының меңгерушілерімен кездесу мәжілісі болып өтті.
Мәжілісте мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 2024-2025 оқу жылының жоспарына сәйкес атқарылған жұмыстарының қорытынды есебі бойынша баяндалды. Сонымен қатар, педагогтердің озат іс-тәжірибелерімен бөлісу шаралары және мониторинг нәтижелеріне талдау жасалды.
Көрсетілген білім беру қызметін алушылар бойынша дербестендірілген қаржыландыруды ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі пилоттық жобаның кейбір мәселелері талқыланды.
Білім бөлімінің басшысы Бақытжан Нұрмаханбетұлы қатысушыларға белсенділік танытқандары үшін алғысын білдіріп, жиналыстың негізгі бағыттарын қорытындылады. Сонымен қатар, алдағы уақытта нақты жоспар құрылып, бірлесе отырып нәтижелі жұмыс істеуге шақырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.