Түркістан қаласының әкімі әріптестерін Мемлекеттік қызметшілер күнімен құттықтады

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы өзінің әріптестерін Мемлекеттік қызметшілер күнімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

«Бүгінгі Мемлекеттік қызметшілер күнімен барша әріптестерімді және осы саланың ыстығына күйіп, суығына төзген абзал жандарды шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекеттік қызмет — бұл жай ғана жұмыс емес. Бұл — елге, халыққа қызмет ету жолындағы адалдықтың, жауапкершіліктің және жанқиярлықтың көрінісі. Әрбір тұрғынның өтінішін тыңдап, мәселені шешуге ықпал ету — үлкен сенім мен аманат.

⠀Бүгінгі мерекеге орай, ұзақ жылдар бойы, адал еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлеріміз арнайы марапаттарға ие болды.

⠀Сондай-ақ бүгін, дәстүрге сай, мемлекеттік қызметке енді ғана қадам басқан жас мамандарымыз ресми түрде ант қабылдап, елге адал қызмет етуге серт берді.

Бүгінгі күн — халыққа шын ниетпен қызмет ететін жандарды қолдау мен құрмет көрсетудің жарқын үлгісін көрсетер сәт.

Барша мемлекеттік қызметшілерге қажырлы еңбектері үшін алғыс айтып, денсаулық, отбасыларына амандық, қызметте сәттілік тілеймін!

Еліміз үшін, қаламыз үшін бірге еңбек етіп, Түркістанды одан әрі көркейте берейік!» — дейді шаһар басшысы.

Осы тұста тілге тиек етерлігі, 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай, Түркістан қаласы әкімдігінде мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған жас мамандардың салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі өтті.

Салтанатты жиын барысында Түркістан қаласы әкімі аппаратының Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және цифрландыру бөлімінің бас инспекторы Жахангер Нұрғалиұлы Нарегеев мемлекеттік қызметке адал болуға ант берді.

Айта кетейік, мемлекеттік қызметшінің негізгі құндылығы – ол қызметке кірген кезде беретін антына адалдық. Бұл – азаматтық ұстаным мен кәсіби жауапкершіліктің көрінісі. Мемлекеттік қызметші үшін басты міндет – халық пен Отан игілігі үшін адал әрі риясыз еңбек ету.

Сонымен қатар бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, білім және салық органдарының өкілдері қатысты.

Мәжіліс барысында кадрлық өзгерістер таныстырылып, Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы лауазымына Арман Оңалханұлы Оспан тағайындалды. Сонымен қатар, Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы міндетін уақытша Ыдырыс Бексұлтан атқаратын болады.

Қалалық бюджеттің кіріс бөлігін орындау мен салық түсімдерін арттыру мәселесі

бойынша Түркістан қаласының мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Шакен Махмутұлы баяндама жасап, биылғы жылғы қосымша кірістер жоспары мен бүгінгі күнге дейін орындалған көрсеткіштер жайын мәлімдеді.

Осыған байланысты, қала әкімі салықтық берешегі бар мекемелермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өтеу кестелері жасалуы тиіс екенін, берешек көлеміне әр екі апта сайын тұрақты түрде талдау жүргізіп отыруды тапсырды. Сонымен қатар, POS-терминалдар мен фискалды чектердің қолданылуын бақылау шараларын күшейтіп, бейресми кәсіпкерлікпен күрес жұмыстарын ұйымдастыру қажет екенін атап өтті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша, Қалалық білім бөлімінің басшысы Бақытжан Нұрмаханбетұлы биылғы жылы мектеп бітірушілер саны 3 063 оқушыны құрағанын, ҰБТ нәтижесі бойынша, 100 балдан жоғары жинағандар – 43 оқушы, 130 балдан жоғары нәтиже көрсеткендер – 11 оқушы, сонымен қатар, «Алтын белгі» иегерлерінің саны – 178 оқушыны құрайтынын жәнен алдағы жоспарларын баяндады.

Қала әкімі аталған көрсеткіштерге тоқталып, төмен нәтиже көрсеткен оқушылармен мектеп психологтары жүйелі түрде жұмыс жүргізуі тиіс екенін, жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында суға шомылу маусымына орай оқу-жаттығу шараларын ұйымдастыру және лагерлердің жұмысын жоспарлау жөнінде бірқатар тапсырма жүктеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You