Түркістан облысы әкімінің аппарат басшысы тұрғындардың өтініштеріне құлақ түрді

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев облыс тұрғындарын жеке мәселелері бойынша кезекті рет қабылдады. Қабылдау облыс орталығындағы «Ашық әкімдік» кеңсесінде өтті.

Жеке қабылдауға келген азаматтар бірқатар маңызды мәселені көтерді. Атап айтқанда, түркістандық тұрғын ғаламтор серверінің заңсыз салынуын қозғаса, ал жас кәсіпкерлер құрылыс компаниясына қолдау көрсетуін сұрады. Сонымен қатар қала тұрғыны «Құрметті азамат» атағын беру туралы ұсынысын жеткізсе, енді бірі туысының жұмыс орнын ауыстыру жөнінде өтінішін білдірді. Бұдан өзге де мәселелер тыңдалды.

Еркебұлан Дауылбаев әрбір азаматтың өтінішін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелердің заңдылығын тарқатып түсіндірді. Айтылған шағымдар бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Айта кетейік, жеке қабылдауға «eOtinish» бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.

Аппараттың тыныс-тіршілігінен тағы бір ақпарат. Бұдан бөлек бүгін Түркістан облысы әкімі аппаратында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және алдын алу» (ТБН-4) жобасының сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау» тапсырмасын сапалы іске асыру мақсатында оқыту жұмыстары жүргізіліп, арнайы мәжіліс өткізілді. Оған басқармалар мен аудан, қала әкімдіктерінің жауапты өкілдері, облыс әкімі аппаратының бөлім басшылары мен қызметкерлері қатысты. Жиынды Түркістан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Айдос Тоғызбаев жүргізіп, мәселенің маңызына тоқталды.

– Бүгін елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған маңызды тетіктердің бірі – төртінші үлгілік базалық бағыттың (ТБН-4), яғни, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу жүйесінің Түркістан облысындағы іске асырылу барысын талқылау үшін жиналып отырмыз. Ішкі талдаулар арқылы біз процестегі әлсіз тұстарды анықтап қана қоймай, оларға жүйелі түрде тосқауыл қоюға, тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік аламыз. Соңғы бір жылда облыс көлеміндегі бірқатар басқармалар мен мекемелерде ішкі талдау жүргізіліп, ондаған ұсыныс пен тәуекел карталары әзірленді. Бұл – біріншіден, ұйымдардың өзін-өзі бақылауға бет бұрғанын, екіншіден, сыбайлас жемқорлықтың тек салдарымен емес, себептерімен күресу бағытына бет алғанын білдіреді. Бүгінгі жиында облыстардағы ішкі талдаудың жүргізілу тәжірибесімен, өңірімізде жүргізілген ішкі талдау жұмыстарының сапасы туралы ақпаратпен бөлісеміз, – деді аппарат басшысының орынбасары.

Күн тәртібінде квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жүргізілген ішкі талдау жұмыстарының аралық қорытындысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және алдын алу жұмыстарының Түркістан облысында іске асырылуы барысы талқыланды.

Мәжілісте облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқық бөлімінің басшысы Боранбай Есқараев, Түркістан облысы әкімі аппараты мемлекеттік құқық бөлімінің ТБН-4 жобасының жауапты маманы Балнұр Үпібек баяндама жасады. Осы саладағы тапсырмаларды түсіндірді.

Жоғарыдағы мәселелер бойынша кемшілікке жол берген басқармалар мен аудан, қала әкімдіктерінің жауапты тұлғаларының есептері тыңдалып, тиісті тапсырмалар берілді.

Мәжіліс нәтижесінде баяндамада айтылған ішкі талдау жұмыстарын толық әрі дұрыс жүргізілуін қамтамасыз ету, коплаенс офицерлердің жұмысын жандандыру, аудан, қала әкім аппараты басшылары мен басқарма басшыларының орынбасарларына ішкі талдауды сапалы жүргізіп, уақтылы ақпарат беруін қадағалауға алу міндеті жүктелді. Ішкі талдау жұмыстарына құжаттарын зерделеуге ұсынбаған квазимемлекеттік сектор ұйымдарының жауапты комплаенс офицерлері мен аудан, қала әкім аппараты және басқарма басшыларының орынбасарларының жаупкершіліктері қаралатыны ескертілді.

Естеріңізде болса, 4 шілдеде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті тоқсан сайынғы отырысы өткізілген-ді.

Жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, құқық қорғау және мемлекеттік орган басшылары, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысты.
Сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында өткен мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе талқылап, оны шешу жолдары қаралды.

Атап айтқанда, туризм саласында жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы талқыланды. Сонымен бірге кәсіпкерлердің және жер қойнауын пайдаланушылардың демеушілік негізінде аударатын әлеуметтік міндеттемелері бойынша қаржыларды игерудегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жұмыстары мен №4 «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» Үлгілік базалық бағытының облыс аумағында іске асырылуы және квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылған жұмыстар барысы тыңдалды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You