Түркістан облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына қарсы және аса қауіпті инфекциялардың алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр

Өткен жылы облыстық зоопаразитологиялық топ құрамдарымен барлығы 781 елді мекенде барлау жұмыстары жүргізілген. Сынама нәтижелері көрсеткендей, жиналған 62 918 дана кененің 136-нан Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының қоздырғышы анықталған. Бұл туралы Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ақерке Еркінбекова мәлімдеді.

«Облыста 2024 жылы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына 11 адам шалдыққан. Науқастардың 4-еуін кене шаққан, 6-ы мал күтімімен айналысқан, ал 1-еуі табиғи ошақта егістікпен айналысқан. Аталған ошақта эпидемияға қарсы және жұқтыру көзін анықтау мақсатында эпидемиологиялық, зооапаразитологиялық тексеру жұмыстары толық жүргізіліп, қоражайлар мен ауылшаруашылық малдарынан барлығы 3 468 кене жиналып, 16 сынамадан аталған аурудың қоздырғышы анықталды.

Айта кетейік, өткен жылы өңірде барлығы 1 416 тұрғынды кене шағып медициналық ұйымдарға қаралған. Ал ағымдағы жылдың басынан осы күнге дейін аталмыш ауруды жұқтырған 1 жағдай тіркеліп отыр. Облыс бойынша 2025 жылдың бүгінгі күніне дейін барлығы 597 адамды кене шағып, азаматтар медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінген», — деді спикер.

Одан бөлек, облыс аумағында жіті ішек инфекциясының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.

«Облыс бойынша 2025 жылдың 6 айында жіті ішек инфекциясының эпидемиологиялық ахуалы тұрақты. Ағымдағы жылдың 6 айында 148 жағдай тіркелген. 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, халықтың жіті ішек инфекциялары тобымен аурушаңдығы 22 жағдайға өскен», — деді спикер.

Бұдан бөлек Түркістан облысында 2025 жылға аса қауіпті аурулардың профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспары бекітіліп, 10 түрлі аса қауіпті ауруға қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Биылғы 6 айда төрт түлік пен үй жануарларына 9,9 миллион доза вакцина егіліп, жоспар 83%-ға орындалды. Облыс әкімдігінде өткен мәжілісте осы саладағы мәселелер, аса қауіпті инфекциялардың алдын алу бағытындағы жұмыстар талқыланды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

– Дезинсекциялық жұмыстар жүргізілді деп баяндап отырсыздар. Бірақ арнайы комисияның тексеруі барысында бірнеше аудандағы қораларда механикалық тазалық жұмыстары жүргізілмегені анықталған. Бұл бойынша тиісті залалсыздандыру жұмыстарын күшейту керек. Кемшіліктерге жол берген салаға жауапты бірінші басшылардың тәртіптік жауапкершілігі қаралсын. Облыс көлемінде эпизоотиялық және энзоотияға қарсы ветеринариялық шараларды сапалы әрі мерзімінде жүргізуді, үй жануарларының арасында аса қауіпті аурулардың алдын-алу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.

Мәжілісте Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Жәнібеков пен Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышановтың есептері тыңдалды.

Өңірде ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңын іске асыру мақсатында үй жануарларын есепке алу жұмыстары жүргізіліп, 36 981 үй жануары дерекқор базасына енгізілді. Биыл облыстық бюджеттен 4,5 миллион. теңге қаржы қаралып, 309 сібір жарасы ошақтарына дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Алты айда бруцеллез ауруына қарсы 436,6 мың бас ірі қара мал, 2 058,7 мың бас ұсақ мал тексеріліп, жоспар 100 % орындалды.

Облыс әкімі жауаптыларға эпизоотиялық және энзоотияға қарсы ветеринариялық шараларды жандандырып, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы мен Сібір жарасы, құтыру ауруларына күресті күшейту жөнінде тапсырма берді. Жауапты мамандардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, бұл мәселелер қатаң бақылауға алынды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You