Түркістан облысы: Төлеби ауданында биылғы алғашқы жартыжылдықта негізгі капиталға 20,3 миллиард теңге инвестиция тартылған

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлердегі білім сапасын арттыру мақсатында «Келешек мектептері» салынып, ел игілігіне берілуде. Ұлттық жоба аясында Түркістан облысында жалпы саны 29 білім ошағының құрысылы жоспарланаған. Осы тұста облыс әкімі Нұралхан Көшеров Төлеби ауданының Достық елді мекеніндегі 900 орындық «Келешек мектебінің» құрылыс алаңында болып, мердігерлердің жұмысын бақылады.

Білім беру саласына ерекше серпін беретін жобалардың жұмысын сапалы орындауды тапсырып, жауаптыларға уақыт пен сапаны назарға алуды тапсырды. Учаскелік жер аумағы – 3 гектар. Бүгінде құрылыс жұмыстары 90 пайызға орындалған. Ішкі әрлеу мен сырлау, шатыр орнату қызметтері аяқталған. Заманауи мектептің инфрақұрылым жұмыстары толық реттелген. Интернет және газ қосу шаралары қолға алынған.

Аудан көлемінде жалпы саны 4 «Келешек мектебін» салу жоспарланып, бүгінде 3 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Алатау елді мекенінде 300 орындық, Көксәйекте 600 орындық, Киелітастағы 900 оқушыға арналған мектептер. Жаңаша бағыттағы білім ошақтарында балалардың сапалы білім алуы үшін дерлік барлық жағдай қарастырылады.

Осы күні облыс басшысы Ленгір қаласының І шағынауданында орналасқан тұрғын үйлердің құрылыс барысына шолу жасады. Нұралхан Көшеров аралау барысында жауаптыларға әлеуметтік маңызы бар кез келген нысан қателіксіз, сапалы салынуы тиіс екенін ескертті.

Мұнда 5 қабатты 3 тұрғын үй кешені салынып жатыр. Жалпы пәтер саны – 48, 1 бөлмелі 12 пәтер, 2 бөлмелі 12 пәтер, 3 бөлмелі 24 пәтер бар. Тұрғын үйдің құрылысы 2023 жылы басталып, бүгінде шатыр жабу, ішкі, сыртқы әрлеу, есік, терезе орнату сынды жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба құны 625, 5 миллион теңгені құрайды. Тұрғын үй республикалық және облыстық бюджет есебінен салынған. Құрылыс жұмыстары аяқталса, биыл пайдалануға берілмек.

Аралау жұмыстары аудандағы «Мейір-Бейс» жоғары медициналық және педагогикалық колледжінде жалғасты. Облыс басшысы білім ордасының мүмкіндіктерімен танысып, фармацевтикалық, стоматололгиялық дәріс беру бөлмелерін аралап көрді. Колледж жаңа форматта жұмысын жалғастырып жатыр. Мұнда 56 маман дәріс береді. Жалпы 84 дәрісхана қарастырылған екен.

Қорыта айтқанда, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Төлеби ауданына жұмыс сапарымен барды, әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралады. Одан кейін аудан активімен кездесіп, Төлебиді дамыту жолдарын талқылады.

– 2025 жылдың 6 айында ауданға негізгі капиталға 20,3 миллиард теңге инвестиция тартылғанымен, бүгінгі таңда бірқатар ауылдық округ әкімдері жоспарды орындамаған. Осы ауыл округтерінің әкімдері мен салаға жауапты орынбасар жұмысты ширатсын. Аудан орталығы Ленгір қаласы қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылған. Яғни, инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашуға барлық жағдай жасалған. Алайда Ленгір қаласында соңғы жылдары жаңадан бірде-бір инвестициялық жоба іске асырылмаған. Жұмысты ширатыңыздар. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы іске асырылуда. Бұл уақытша науқан емес екенін, аталған маңызды жоба жыл бойы өз жалғасын табатынын үнемі айтып жүремін. Қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет. Осы бағыттағы жұмыстарды да жүйелеу керек, – деген Нұралхан Көшеров аймаққа инвестиция тарту мен туризмді дамыту, өзіндік кіріс көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығын дамыту және өзге де мәселелер бойынша тапсырмалар берді.

Мәжілісте аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов 6 айлық көрсеткіштерді баяндаса, басқарма басшылары өз салалары бойынша жоспарлар мен кемшіліктерге тоқталды. Нақты міндеттер жүктелді.

Төлеби ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 6 айдың қорытындысына сәйкес 70,8 миллиард теңгеге жетіп, өсім 39 пайызды құрады. Жалпы өңірлік өнімнің 53,3%-ы — өнеркәсіп, 20,4%-ы — ауыл шаруашылығы, 18,4%-ы — сауда және 7,9%-ы құрылыс салаларына тиесілі. Жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемі 6 айда 480 мың теңгеге жетіп, өсім 39 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 37,7 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 107,9 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 34 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 10,7 пайызға артқан. 2025 жылы өнеркәсіп саласында жалпы құны 6,5 миллиард теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба іске асып, 180 жаңа жұмыс орны құрылады.

Инвестициялық әлеуетті көтеру мақсатында Киелітас ауылдық округінен 14 гектар жерге шағын өндірістік парк салу жоспарланып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You