Түркістан облысы: Шардара ауданында тұрғындарды ауыз сумен қамту — өңір басшысының қатаң бақылауында

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Шардара ауданына кезекті рет жұмыс сапарымен барып, ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарды қадағалады. Шардара қаласының бас су торабында мамандармен кеңесіп, тиісті тапсырмалар берді. Одан кейін жаңа ұңғыма қазу мен су тапшылығының алдын алу жұмыстарын көріп, маңызды істің басы-қасында болды.

2025 жылғы 4 тамыздағы мәлімет бойынша «Шардара» су қоймасындағы судың көлемі 401 миллион текше метрді құрады (кіріс-144 м3/сек, шығыс-331 м3/сек.). Шардара қаласында 31 883 тұрғын, 6520 абонент, 85 көпқабатты (1687 пәтер) және 4 833 жеке тұрғын үй бар. Жалпы, су тасымалдауды 85 көпқабатты үй (6 748 адам) және 64 жеке үй (332 адам) қажет етеді.

«Шардара» су қоймасында су көлемінің азаюына байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен қаланы жедел ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-қимыл алгоритмі бекітілген. Алгоритмге сәйкес ауыз су тәуекелдерін басқару бойынша штаб құрылды.

Көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан «Абай», «Қызылжар», IV және «Асем-ай» шағынаудандарына 28 дана (2-тонна) су жинау ыдысы орнатылып, су толтырылды. Бұл ыдыстарды тұрақты ауыз сумен толтыру үшін 10 арнайы су тасымалдайтын көлік жұмылдырылды. Су көзі ретінде «Өтеғұл» шағынауданының бас су торабындағы ұңғыма пайдаланылды. Жекеменшік 3 ұңғыма және су тасымалдайтын 15 көлік иелеріне су бағасын көтермеу түсіндіріліп, келісім түзілді. Құдығы бар үйлерге су тасымалдау жұмыстары жүргізілуде.

Тағы бір айта кетерлігі, қаланың бас су торабын баламалы су көзімен толтыру үшін ұңғыма бұрғылау жұмыстары басталған. Қазіргі таңда бірінші ұңғымадан 84 метрде су шығып, тік құбыр салынды, судың көзін ашу жұмыстары жүріп жатыр. Екінші ұңғыма 30 метрге қазылды, жұмыстар жалғасын табады.

Су қоймада су деңгейінің шамадан тыс төмендеп, бас су торабының І көтеріліміндегі сорғыға қажетті су көлемі жетіспеушілігіне байланысты 630 текше метр су беруге арналған пантон үстіндегі насосты қосу шаралары қолға алынды. Оған өңір басшысы, аудан әкімі, жергілікті азаматтар бірлесе атсалысты.

Бұдан бөлек Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарды тікелей қадағалап, бүгін Шардарадағы көпқабатты үйлерді аралап, тұрғындармен кездесті. Ауыз су ағымын ұлғайту бағытындағы жұмыстарды түсіндірді.

– Биыл су мәселесі өзекті болып тұр. Жағдай қатаң бақылауда. Арнай штаб құрып, барлық іс-шараларды атқарудамыз. Су көлемі артады, бәрі реттеледі. Азаматтар, мамандар үздіксіз жұмыс істеп жатыр, – деген Нұралхан Көшеров пәтерлерге кіріп, су қысымын тексерді.

«Шардара» су қоймасында су көлемінің азаюына байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен қаланы жедел ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-қимыл алгоритмі бекітілген. Алгоритмге сәйкес ауыз су тәуекелдерін басқару бойынша штаб құрылып, жұмыс жүргізілуде.

Көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан бірнеше ықшам ауданда 28 дана (2-тонна) су жинау ыдысы орнатылып, су толтырылды. Бұл ыдыстарды тұрақты ауыз сумен толтыру үшін 10 арнайы су тасымалдайтын көлік жұмылдырылды. Су көзі ретінде «Өтеғұл» шағынауданының бас су торабындағы ұңғыма пайдаланылды. Құдығы бар үйлерге су тасымалдау жұмыстары жүргізілуде.

Тағы бір айта кетерлігі, қаланың бас су торабын баламалы су көзімен толтыру үшін ұңғыма бұрғылау жұмыстары жүргізілді. 630 текше метр су беретін қосымша насос орнатылып, іске қосылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You