
Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта отандық тауар өндіруші кәсіпорындармен және ірі сауда желілерімен келісімшарттар жасалып, «Грамад», «Магнум», «Маркет» сауда желілерінде, сондай-ақ «Қасқасу-С», «Бәйтерек» шаруа қожалықтарының ет павильондарында және «Бақша» әлеуметтік сауда нүктелерінде күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары тұрғындарға нарықтағы бағадан төмен әрі қолжетімді бағамен ұсынылуда.
Бұл шаралар қала тұрғындарының әлеуметтік маңызы бар өнімдерге қолжетімділігін арттыруға және баға тұрақтылығын сақтауға бағытталған.
Сонымен қатар, халықты азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз ету және баға тұрақтылығын қолдау мақсатында апта сайын қаланың бес нүктесінде азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылуда.
Әр аптаның жұма күні:
– Абай ауданы, Шымсити шағынауданы, №21 үйдің алдында.
Әр аптаның сенбі күні:
– Қаратау ауданы, Тұран-2 шағынауданы, №43 үйдің қарсы бетінде;
– Тұран ауданы, Қажымұқан атындағы орталық стадион аумағында;
– Зерделі көшесі, 1А мекенжайындағы «1000 ұсақ-түйек» дүкенінің алдында.
Әр аптаның жексенбі күні:
– Қаратау ауданы, Астана шағынауданы, №74 және №77 үйлердің жанындағы автотұрақ аумағында.
Азық-түлік бағасының тұрақтылығы – халықтың әлеуметтік әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнын бақылау және тұрғындарды қолжетімді өнімдермен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының қатарында. Сауда және интеграция министрлігінің деректеріне сәйкес, соңғы жылдары елімізде азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, делдалдық тізбектерді қысқарту және тұрақтандыру қорларының тиімділігін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Осы бағыттағы шаралардың нәтижесінде бірқатар негізгі азық-түлік тауарлары бойынша баға өсімін тежеуге мүмкіндік жасалып отыр.
Шымкентте жүзеге асырылып жатқан жәрмеңкелер мен әлеуметтік сауда нүктелерінің жұмысы тұрғындардың сапалы өнімдерді тиімді бағамен сатып алуына жағдай жасап қана қоймай, жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға да ықпал етеді. Бұл өз кезегінде ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтап, халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдеріне қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы мұндай жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да қала тұрғындарының әлеуметтік қорғалу деңгейін күшейтудің маңызды тетігі болып қала бермек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
