Сауран ауданының делегациясы Қазақстандағы XXI Қытай тауарлары көрмесіне қатысты

2026 жылғы 2–4 шілде аралығында Алматы қаласындағы «Атакент» халықаралық көрме орталығында Қазақстандағы XXI Қытай тауарлары көрмесі өз жұмысын бастады. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған халықаралық көрмеге Сауран ауданының делегациясы аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастауымен қатысып жатыр.

Көрме аясында аудан кәсіпкерлері өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, машина жасау, жаңа технологиялар және басқа да салалардағы заманауи өнімдермен танысып, іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік алады. Аталған халықаралық алаң Сауран ауданында инвестициялық жобаларды іске асыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және шетелдік серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған.

Сонымен, Алматы қаласындағы «Атакент» халықаралық көрме орталығында Қазақстандағы XXI Қытай тауарлары көрмесінің ресми ашылу салтанаты өтті. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған халықаралық іс-шараға Түркістан облысының делегациясы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің жетекшілігімен қатысты.

Делегация құрамында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров бастаған Сауран ауданының өкілдері мен аудан кәсіпкерлері болды.

Ресми ашылу рәсімінен кейін көрме қонақтарына Қытайдың жетекші компаниялары өз өнімдері мен жаңа технологияларын таныстырды. Кәсіпорын өкілдері өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика, цифрлық технологиялар және өнеркәсіптік жабдықтар салаларындағы инновациялық шешімдер жөнінде баяндамалар жасап, заманауи өндірістік мүмкіндіктерін таныстырды.

Сауран ауданының делегациясы көрме павильондарын аралап, ұсынылған өнімдермен, технологиялық әзірлемелермен және өндірістік жабдықтармен жан-жақты танысты.

 

Атап өтер жайт, Алматы қаласындағы «Атакент» халықаралық көрме орталығында өтіп жатқан Қазақстандағы XXI Қытай тауарлары көрмесі аясында Сауран ауданының делегациясы қытайлық инвесторлармен және жетекші компаниялардың өкілдерімен B2B форматындағы іскерлік кездесулер өткізді.

Кездесулер барысында Сауран ауданының инвестициялық әлеуеті, өндіріс пен агроөнеркәсіп салаларындағы мүмкіндіктер, бірлескен өндірістерді іске қосу, жаңа технологияларды енгізу және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Делегация мүшелері ауданның экономикалық мүмкіндіктері, кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік қолдау тетіктері, өндірістік инфрақұрылымы мен тиімді логистикалық орналасуы жөнінде таныстырылым жасап, өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар туралы ақпарат ұсынды.

Өз кезегінде қытайлық инвесторлар Сауран ауданымен өзара тиімді әріптестікті дамытуға қызығушылық білдіріп, нақты жобалар бойынша пікір алмасты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You