
Ғабит Сыздықбеков бүгін аралау барысында биыл күзде жұмысын бастайтын Қаратау ауданындағы балаларға әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған ғимаратты көріп шықты. Нысанның жалпы ауданы – 3060 шаршы метр. Орталық мүгедектігі мен психоневрологиялық ауруы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға көмек көрсетеді. Жобалық қуаты 150 орынға шақталған.
Бұл ретте шаһар басшысы жауапты тұлғаларға нысан аумағын кешенді абаттандыру және көгалдандыру жұмысын жүргізу міндетін жүктеді. Балалар алаңын салып, субұрқақ орнатуды және автотұрақ салуды тапсырды.
Сондай-ақ, А-2 айналма жолының жетінші, алтыншы және бесінші кезеңдерінің қайта құру жұмысы мен Қонаев даңғылы жалғасының бесінші кезеңінің құрылысын бақылады. Бұл жобалар жол инфрақұрылымын жақсартуға, қауіпсіздікті арттыруға және тұрғындар үшін жайлы жағдай жасауға бағытталған. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысына сапаны бақылауды күшейтіп, құрылыс мерзімін қатаң сақтауды тапсырды.
Қала әкімі әрі қарай Абай ауданында Бадам өзенінің жағалауын нығайту жұмысын тексерді. Бұл шара су басу қаупін алдын алу және тасқындардан болатын залалды азайту мақсатында жүргізіліп жатыр. Мердігерге жұмыстың сапасын төмендетпей жеделдету қажет екенін ескертті, сондай-ақ жағалауды тасқын кезіндегі жүктемесін ескере отырып, сенімді қорғауды қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Бұдан бөлек Тұран ауданында «Ақжар» су қоймасының күрделі жөндеу нәтижесімен танысты. Қалпына келтіру жұмысы мол жауын-шашын кезінде су басу ықтималдығы бар қауіптерді болдырмауға бағытталған. Қазіргі таңда инженерлік-құрылыс жұмысы толық аяқталды. 630 метр бөгет пен 158 метр апаттық канал бетондалды. Жарықтандыру құралдары мен бейнемониторинг жүйесі орнатылып, түбін механикалық тазалау жүргізілді.
Аралау соңында Ғабит Сыздықбеков Қойкелді батыр көшесіндегі теміржол көпірінің күрделі жөндеу барысын, Жібек Жолы мен Сайрам көшелерінің қиылысындағы скверді күтіп ұстауды, «Ұлағат» шағынауданындағы кәріз желілерін қалпына келтіру және жол құрылыс жұмысын тексерді, сондай-ақ Тіленшин көшесінде көлік өткелінің құрылысын бақылады.
Жауапты басқармаларға орындалған жұмыстың сапасын қамтамасыз ету, мерзімін қатаң сақтау және техникалық регламенттерді орындауды қадағалап, анықталған кемшіліктерді уақытылы жоюды тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
