
Ғабит Сыздықбеков бүгін шаһарды аралау барысында Тұран шағынауданындағы қуаттылығы 220/110/6 кВ “Қазығұрт” қосалқы станциясын кеңейту жобасымен танысты. Жоба тұрғын алаптар мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын тұрақты және үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етуге бағытталған. Энергия тұтыну көлемінің артуына байланысты жабдықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, жүктемеге бақылауды күшейту және техникалық қызмет көрсетуді уақтылы ұйымдастыру шараларын алдын ала қарастыруды тапсырды.
Шаһар басшысы әрі қарай “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағында (АЭА) резиденттердің шикізаты мен дайын өнімін тиімді жеткізуге мүмкіндік беретін теміржол құрылысының барысын тексерді. Жоба логистикалық инфрақұрылымды жақсарту және АЭА-тың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Қала әкімі мердігер ұйымға құрылысты белгіленген мерзімде аяқтау керек екенін ескертті.
Сондай-ақ Ғабит Сыздықбеков осы аумақтағы Мемлекеттік кірістер департаменті кеден бекетінің жұмысын қарап шықты. Бұл нысан кедендік рәсімдердің ашық әрі жедел жүргізілуінде маңызды рөл атқарады. Ол өз кезегінде АЭА аясында кәсіп жүргізуді жеңілдету мақсатында барлық қызметтің үйлесімді жұмыс істеуінің маңызын атап өтті.
Сонымен қатар әкім Қаратау ауданында Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі үшін салынып жатқан 300 орындық жатақхана құрылысын бақылады. Жобаның мақсаты — ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін жайлы жағдай жасау.
Бұдан бөлек №109 жалпы орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу барысын тексерді. Құрылыс басқармасына жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтау міндеті жүктелді.
Әрі қарай Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданы әкімдігі мен Мемлекеттік кірістер басқармасы орналасқан жаңа ғимаратқа барды. Мекемелердің жұмыс барысымен, тұрғындарды қабылдау жағдайымен және жұмыс бөлмелерінің техникалық жарақтандырылуымен танысты. Аудан әкімі мен басқарма басшылығына мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі жедел көрсетілуіне баса назар аударуды тапсырды.
Сондай-ақ әкім А-2 айналма жолын қайта жаңарту, Малқаров, Юсупов, Алдияров және Жабаев көшелеріндегі жарықтандыру мен жол жөндеу барысын тексерді. Жауапты тұлғаларға жұмыс жүргізіліп жатқан аумақта бақылауды күшейтіп, анықталған кемшіліктерді жою міндетін жүктеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
