
Әрине, оның басты тетігі – материалдық-техникалық базаның нығайту. Бүгінде техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) ұйымдары мен жатақханалардың материалдық-техникалық базасын жаңарту мен нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылдардағы Қазақстан халқына Жолдауларында және Үкіметтің кеңейтілген мәжілістерінде де айтылып жүр.
Президент былтыр: «Техникалық мамандықтарға басымдық беру керек. Инженер-өнеркәсіпшілердің жаңа буынын тәрбиелеу керек», – деп, жастарды тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамти отырып, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруды тапсырған еді. Биыл Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылады, еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс», — деп түйіндеген еді.
Материалдық-техникалық базаның нығаюы студенттердің әлемдік стандарттарға сай білім алуына жол ашады. Ал, бұл процестерді қаржыландырудың негізгі көздерінің бірі – мемлекет қазынасынан бөлек, жергілікті бюджет, сондай-ақ жұмыс берушілер мен инвесторлардың қолдауы. Мәселен жергілікті бюджет қаражаты ағымдағы қажеттіліктерге ғана емес, ғимараттарды, зертханаларды, оқу аудиторияларын жаңартуға, жаңа оқу және тұрғын үй ғимараттарын салуға жұмсау маңызды. Жергілікті бюджет есебінен жасалатын негізгі жұмыстарға – ғимараттарды жөндеу және қайта құрылымдау (терезелерді, шатырды, жылыту жүйелерін ауыстыру, электр және су жүйелерін модернизациялау); оқу зертханалары мен шеберханаларына заманауи жабдықтар сатып алу; студенттер үшін жаңа жатақханалар салу және олардың жағдайын жақсарту кіреді.
Шымкентте жергілікті билік органдары білім беру ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, инфрақұрылымды жаңарту үшін қажетті қаржыны дер кезінде жоспарлап, есепке алып отыр. Қазіргі таңда бұл бағытта бірнеше нақты жобалар жүзеге асырылып жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
