2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы: Шымкент шаһарында 25 колледждің базасын нығайту жоспарланған

2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануына орай қаладағы 25 колледждің базасын нығайту жоспарланған. Олардың қатарынада Индустриалды-техникалық колледжі, Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі, Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі, Политехникалық колледж, Жол-көлік колледжі, Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі, Саз колледжі, Аграрлық-техникалық колледж, Энергетика және байланыс колледжі, Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі бар.

Сондай-ақ, былтыр Шымкент аграрлық-техникалық колледжінің студенттері үшін 95 орындық жатақхана салынса, биыл арнаулы мемлекеттік қор қаржысы есебінен Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінде 300 орындық жатақхана құрылысы жүріп жатыр.

Білім сапасын арттырып, тәжірибемен ұштастыруда жұмыс берушілер маңызды рөл атқарады. Олар оқу орындарындағы жабдықтарды сатып алуға, сондай-ақ студенттер үшін өндірістік оқу мен тәжірибе ұйымдастыруға қаржылай қолдау көрсетіп жатады. Мұндай ынтымақтастық шаралары оқу орындарының материалдық базасын жақсартумен қатар, студенттерді тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, инвесторлар да білім ұйымдарының материалдық базасын жаңартуға өз үлестерін қосып, жаңа ғимарат пен жатақхана салу мен барлық объектілерді модернизациялау және қайта құру, заманауи технологиялар мен жабдықтарды енгізу бағытында инвестиция салуы мүмкін. Инвесторлардың мұндай қолдау оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі.

Мегаполисте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан жұмыс жетерлік. 2024-2025 оқу жылында Шымкенттегі 40 кәсіптік-техникалық білім ұйымдарынан 15 мыңнан аса түлек шықты. Алдағы жылдары да техникалық-материалдық базасы мықты білім ордасында оқыған студенттер арасынан білікті, бәсекеге қабілетті мамандар шығып, жаңа буын еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосатынына сенім мол.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You