
Елімізде тамыз айында құрылыс және жол салалары қызметкерлерінің кәсіби мерекелері аталып өтеді. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполистің дамуына үлес қосып жүрген мамандарды құттықтап, Қазақстан Республикасы Президентінің атынан мемлекеттік наградалар — ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттап, үздік қызметкерлерге алғыс хаттар табыс етті.
«Құрметті көлік және құрылыс саласының қызметкерлері! Сіздердің мамандықтарыңыз жоғары біліктілік пен жауапкершілікті талап етеді. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіздің арқасында жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым объектілері бой көтеріп, қала тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп келеді.
Қызметке деген адалдықтарыңыз бен қалалық ортаны дамытуға қосқан айрықша үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін. Әрбір жүзеге асырылған жоба – қаламыздың гүлденуіне және тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға қосылған үлес.
Сіздерге жаңа кәсіби жетістіктер, мықты денсаулық, тұрақтылық, отбасыларыңызға амандық және жобаларыңыздың сәтті жүзеге асуын тілеймін», — деді шаһар басшысы.
Қала басшысы сала мамандарының орасан еңбегіне тоқталып, қызметкерлердің жоғары кәсіби біліктілігін және жауапкершілігін атап өтті. Олардың күш-жігерінің арқасында қалада жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар бой көтеруде Бұл игілікті істер халықтың жайлы өмір сүруін қамтамасыз етіп келеді.
Шымкентте республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан бері 4,5 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй бой көтерді. Биылдың өзінде 1,37 миллион шаршы метр тұрғын үйді ел игілігіне тапсыру жоспарланып отыр. Өткен жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 11 жаңа мектеп пен 2 оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Сонымен қатар 17 білім беру нысаны мен бірқатар әлеуметтік ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілу үстінде.
Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда да ауқымды жобалар іске асып жатыр. Жыл сайын орта есеппен 250 шақырым жол жөнделсе, биыл бұл көрсеткіш 1 059 шақырымға жетеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
