Шымкент шаһарының басшысы тұрғын үй-коммуналдық саладағы цифрландыру жобасының пилоттық нәтижелерін талқылап, жол жөндеу жұмыстарын тексерді

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің бүгінгі атқарған шаруаларына рет-ретімен тоқталайық. Әуелі қала әкімі «Art Code» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізіп, тұрғын үй-коммуналдық саладағы цифрландыру жобасының пилоттық нәтижелерін талқылады.

Жоба аясында жылу желілерін құбыр ішінен тексеруге арналған еуропалық технология қолданылуда. Инновациялық шешімдердің енгізілуі мамандарға жүйенің жай-күйі туралы нақты мәлімет алуға мүмкіндік берді. Мысалы, құбыр қабырғаларының қалдық қалыңдығы мен түзу учаскелердегі ақауларды да анықтауға болады. Алынған деректерді өңдеуде жасанды интеллект қолданылады. Бұл нәтижелерді шығару уақытының айтарлықтай қысқаруына жол ашты.

Мұндай тәсіл құбырлардың қалған пайдалану қорын әділ бағалауға және оларды әрі қарай тиімді пайдалануға қажетті шаралар қабылдауға жағдай жасайды. Мұндай заманауи технологияларды коммуналдық салаға енгізу қаладағы инженерлік желілердің сенімділігі мен тиімділігін және қауіпсіздігін арттыру жолындағы маңызды қадам саналады.

​ Келесі мәселе. Жол сапасын арттыру – тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мен қала инфрақұрылымын дамытудағы маңызды бағыттың бірі. Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында «Ақжар» тұрғын алабы, Бестоғай және Керімағаш көшелерінде жүргізіліп жатқан жол төсеу барысымен танысты.

Сонымен қатар шаһар басшысы бұған дейін жеке қабылдауда ғимараттың нысаналы мақсатын өзгертуге қатысты жер мәселесін көтерген Тұран ауданы, 1 Мамыр көшесінің тұрғынымен кездестім. Жағдайды егжей-тегжейлі қарастыру үшін арнайы барып көрді. Кездесу қорытындысында ол аудан әкіміне бұл мәселені қолданыстағы заңнама аясында қарауды тапсырды.

Сондай-ақ, Ғабит Әбдімәжитұлы Абай ауданында «Көкбұлақ» және «Алтынтөбе» тұрғын алаптарындағы Маңлай Момынұлы мен Ж.Оразбайұлы көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарын тексерді. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қала әкімі жұмыстың сапасын қатаң бақылап, техникалық талаптарға сәйкес орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You