Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері «KazFerroGroup» кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесті

Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамына құрмет көрсету, олардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу және еңбек ұжымдарының рөлін арттыру мақсатында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары бүгін «KazFerroGroup» ЖШС кәсіпорнына арнайы ат басын бұрды.

Іс-шара барысында делегация мүшелері өндірістік үдерістермен һәм жаңа цехтардың жұмысымен танысып, кәсіпорын тарапынан еңбеккерлерге көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдау шаралары туралы толыққанды мәлімет алды. Кәсіпорын басшылығы қонақтарға компанияның құрылу тарихы, даму кезеңдері мен соңғы жылдары жүзеге асырылған жобалар туралы баяндап, жұмысшылардың әл-ауқатын арттыру бағытында қолға алынған бастамаларға кеңінен тоқталды.

Атап айтқанда, жұмысшылардың еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыру мен тұрғын үй мәселесін шешу, медициналық қызмет сапасын жақсарту, сондай-ақ мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру сынды бастамалар еңбек ұжымының әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Бұл шаралар еңбек өнімділігін жоғарылатып қана қоймай, кадр тұрақтылығын сақтауға оң әсерін тигізу үстінде.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері өндірістік аймақты аралап, жаңа технологиялық құрал-жабдықтардың жұмысымен танысып, жұмысшылармен еркін форматта пікір алмасып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесу соңында қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан өндірісте үздік нәтиже көрсеткен бірқатар қызметкерлерге алғыс хаттар табысталды.

Расын айту керек, мұндай шара жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге, кәсіпорындардағы әлеуметтік ахуалды жақсартуға және этносаралық татулықты нығайтуға өз үлесін қосатын маңызды бастама болып табылады.

P.S. Бастама жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді. Бұл ретте елімізде бірқатар шаруа атқарылды. Мәселен, техникалық және кәсіби білімге басымдық беріліп жатыр. Биыл сала мамандықтарына мемлекеттік тапсырыс 10 мың орынға артты. Оның ішінде 65 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. Сонымен қатар өңірлерде әлемдік деңгейде беделді оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Жыл сайын шамамен 500 ғалым шетелде машықтануға мүмкіндік алады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You