
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Facebook» пен «Instagram» әлеуметтік желілеріндегі парақшасында елімізде қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасына Шымкенттің ресми түрде қосылғанын хабарлады.
Жоба ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың бастамасымен іске қосылып отыр. Пилоттық өңірлер ретінде Шымкент қаласы, Қарағанды және Қостанай облыстары белгіленген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деген болатын. Осы орайда қолға алынған жоба – ұлттың білім мен мәдениетке деген көзқарасын күшейтуге бағытталған. Шын мәнінде, бүгінгі жаһандану дәуірінде басты байлық – адам капиталы. Ал кітап оқу әдеті – уақыт талабы ғана емес, көптеген сын-қатерге жауап беретін маңызды қажеттілік.
Әкім өз жазбасында: «Шымкент – тарихы терең, мәдениеті бай, білім саласының дәстүрі қалыптасқан қала. Сондықтан дәл осындай маңызы зор жобаның біздің шаһарда жүзеге асуы – заңдылық. Кітап – тұлғаны қалыптастырып, ойды өсіретін құндылық. Әрбір шымкенттікті осы игі іске атсалысуға шақырамын. Кітап – білім мен шабыттың сарқылмас қайнары. Ол көкжиегіңді кеңейтеді, тұлғаңды қалыптастырады, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Әрқайсыңызды осы игі бастаманы қолдап, белсенді қатысуға шақырамын. Кітапқа деген сүйіспеншілік – бәрімізге ортақ жақсы дәстүрге айналсын!
Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін!», – деп жазды.
Жоба аясында келесі номинациялар бойынша байқау өтеді:
- «Кітап оқитын мектеп»
- «Кітап оқитын колледж»
- «Кітап оқитын университет»
- «Кітап оқитын педагог»
- «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер»
- «Кітап оқитын әулет»
Барлық қатысушы 15 кітап оқып, өз санатына сай байқауға қатыса алады. Жеңімпаздарға арнайы марапаттар мен сыйлықтар табысталады.
Жобаны «AMANAT» партиясы мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры бірлесіп жүзеге асыруда.
Бас демеуші – «ALAGEUM ELECTRIC» компаниясы.
Байқау шарттары туралы толық ақпарат қала әкімдігінің ресми сайтында жарияланады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
