
Түркістан облысында мемлекет тарихында тұңғыш рет бір мезгілде 32 мың гектар жерге тамшылатып суғару технологиясы енгізіліп отыр. Бұл бастама мақта шаруашылығының дамуына тың серпін береді.
Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары мен кәсіпкерлер «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС аумағында егілген мақта алқабымен танысты. Заманауи агротехнологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттырған инвестициялық жобаның тиімділігін көзбен көрді. Аралау барысында халық қалаулылары мен кәсіпкерлерге компания өкілдері су үнемдеудің тәсілдері мен тыңайтқыштарды тиімді пайдаланудың жолдары, мақта өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағыттарын айтып берді.
Қазіргі таңда су тапшылығы — елімізде ғана емес, әлемдік мәселелердің бірі. Бұл бағытта Түркістан облысы су үнемдеу технологияларына кешенді көшуді жүзеге асыруда. Биыл 27 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып, 59 мың гектар алқапқа енгізіледі. 2030 жылға дейін осы әдіспен суармалы жердің 50 пайызы қамтылмақ.
Сә демекші, естеріңізде болса, 4 шілде күні Отырар ауданына арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ағын су мәселесі бойынша бірқатар нысандарды аралап, шаруалармен кездесті. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев және осы салаға жауапты мамандармен бірге су тапшылығының салдарын жеңілдетуге бағытталған мәселелерді талқылап, алда атқарылуы тиіс жұмыстарды пысықтады.
Аралау барысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы атқарылып жатқан жұмыстар мен ағын су тапшылығының алдын алуға бағытталған нақты қадамдарды атап өтті. Аудан басшысы бірінші кезекте бетондауды қажет ететін «Ақын Жақып», «Д.Алтынбеков» каналдарына қаржы қарастыру мәселесін көтерді. Сонымен қатар, Қоғам ауыл округіндегі «Қызыл ту» насос станциясындағы су айдағыш насостардың ескіргенін, алдағы уақытта жаңа құрылғыларды алу үшін тиіс жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады.
Іс сапар барысында министр Нұржан Нұржігітов судың маңызын ерекше атап өтіп, қалыптасқан жағдайға байланысты туындаған мәселелер назарында болатынын жеткізді. Ағын су тапшылығының биылғы ауа райының ерекшелігімен тығыз байланысты екеніне тоқталып, бұл мәселе үнемі бақылауда болатынын айтты. Министр мемлекет тарапынан қажетті шаралар кезең-кезеңімен атқарылып, су жүйелерін жақсартуға бағытталған жобалар жүзеге асырылатынын жеткізді.
Жә, тақырыпқа оралайық. Кездесу барысында депутаттар мен кәсіпкерлер кәсіпорын басшылығымен тәжірбие алмасып, бірқатар бағыттарға тоқталып, ой-пікірлерін ортаға салды және сұрақтарына жауап алды.
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов халықтың әлеуетін артырып, ертеңгі күнге деген сенімін күшейту үшін агроөнеркәсіптік кешенді дамыту маңызды екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы аграрлық салаға ерекше көңіл бөліп, инновациялық амал-тәсілдерді енгізуді тапсырды. Облыста ауыл шаруашылығында жыл сайын 1 триллион теңгеден астам қаржының өнімі өндіріліп, республикада жетекші орында тұр. Жаңа технология есебінен өнімділік 3 есеге дейін еселену үстінде. Гектарына 60 центнерден өнім алуға қол жеткізіліп отыр. Мұндай игі іске біз қашанда қолдау білдіруіміз қажет. Бұл сапар тәжірбие алмасуға мол мүмкіндіктер беріп отыр» — деді Нұралы Әлмаханұлы.
Ал облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков өңірде 2025-2026 жылдары толық циклді мақта-тоқыма кластерін құру көзделгенін және Қазақстанда теңдесі жоқ инвестициялық ірі жоба негізінде 4 мақта өңдеу мен толыққанды тоқыма кешені жүзеге асырылатынын айтты.
«Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Қалыйма Жантөреева кәсіпорынның жұмысын жоғары бағалап, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамту әр отбасыға қуаныш сыйлайтынын тілге тиек етті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
