Ордабасы ауданына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен келді

Сапар барысында ауданның тыныс-тіршілігіне серпін беретін бірнеше кезекті жаңа жобалар іске қосылды. Облыс әкімі алдымен Қарақұм ауылындағы жаңа зауытта болып, суармалы егіншілікке қажетті бетон лоток шығаратын өндірістің жұмысын көрді.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласында тағы бір маңызды қадам жасалды. Ордабасы ауданының Қарақұм ауылында орналасқан «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны базасында суару жүйелеріне арналған параболалық бетон лотоктар шығаратын өндіріс іске қосылды. Жобаның мақсаты – су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып қана қоймай, экспорт әлеуетін де арттыру.

Параболалық лотоктардың каналдарға орнатылуы су шығынын 40%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл – еліміздің су ресурстарын үнемдеуге бағытталған нақты қадам.

Зауыттың ашылу қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жаңа өндіріс орнына сәттілік тілеп, оның аймақ экономикасына қосар үлесін ерекше атап өтті. Жергілікті өндірістің ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдіріп, бұл жобаның ауылды өркендету мен халықты тұрақты жұмыспен қамту жолындағы маңызды қадам екенін айтты.

Жаңа өндіріс алаңында тәулігіне 45 дана параболалық бетон лоток жасап шығаралады. Жоба құны – 350 миллион теңге. Зауытта 20 тұрақты жұмыс орны құрылды. Лотоктар ЛР6, ЛР8, ЛР10 маркаларында шығарылып, болашақта ішкі нарықпен қатар Еуропа елдері мен Қытайға да экспорттау көзделуде. Бұл – отандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігінің айғағы.

Зауыт бетон араластыру қондырғысы, бу қазандығы, порталды кран, арматуралы сетка тоқу жабдықтарымен толық жабдықталған. Өндірілетін құрылғылардың нарықтағы бағадан 20-30%-ға арзан болуы – жергілікті шаруалар мен су шаруашылығы құрылымдары үшін үлкен жеңілдік.

«Тұран су» – стратегиялық нысандарды басқаратын маңызды кәсіпорын. 2019 жылы құрылған мекеме мемлекет меншігіндегі су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын күтіп ұстау, пайдалану және жөндеу жұмыстарын атқарып келеді. Кәсіпорын теңгерімінде 20 су қоймасы, 3 су торабы, 1 400 шақырымды қамтитын 110 канал, 3 өндірістік-техникалық база, 81 арнайы техника бар. Жалпы көлемі 108,1 мың гектар егістік алқапты ағын сумен қамтамасыз етеді. Кәсіпорында 400-ден астам маман еңбек етуде.

Облыс әкімдігінің қолдауымен су шаруашылығын жаңғырту бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, 3,6 миллиард теңгеге 60 арнайы техника сатып алынды, оның ішінде, 24 техника аудан, қала әкімдіктеріне берілді. Бұл арқылы 1 200 шақырым каналдар мен қашыртқылар тазаланды. 650 миллион теңгеге «Су үнемдеу технологиясы өндіріс желісі» іске қосылып, жылына 9 мың гектар егістікке қызмет көрсетуде. Бүгін іске қосылған «Параболалық лотоктар шығару өндірісі» – су үнемдеуге арналған маңызды жоба.

Сонымен қатар Ислам даму банкі қаржысы есебінен 63,2 миллиард теңгеге 11 жоба қаржыландырылып, 130 шақырым канал бетонмен қапталады. Нәтижесінде, 10,1 мың гектар жер ағын сумен қамтылмақ. Тағы 73,6 миллиард теңгеге 14 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл өз кезегінде 166 шақырым каналды жаңғыртып, 53,3 мың гектар суармалы алқаптың су өткізу қабілетін арттырады.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдениспорт кешені ашылды

Ордабасы ауданының орталығы Темірлан елді мекенінде Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени-спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров, Қажымұқан Мұңайтпасұлының ұрпағы және аудан тұрғындары қатысты.

Облыс басшысы тұрғындардың қуанышын бөлісіп, көпшілікті маңызды нысанның ашылуымен құттықтады.

– Бүгін біз киелі Ордабасы ауданындағы заманауи спорт кешенінің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Салауатты өмір салтын насихаттау, мәдениет пен туризмді дамыту және тұрғындардың спортпен айналысуына жағдай жасау — Мемлекет басшысы баса назар аударған ұлттық басымдықтардың бірі. Бұл бағытта өңірімізде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі мәдени-спорт кешенінің ашылуы —өңірімізде спорт пен мәдениетті, сонымен қатар туризмді дамытуға жасалған маңызды қадам. Қазақ батыры Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімі берілген бұл кешен тек спорт пен мәдениеттің орны ғана емес, сонымен қатар бабамызға деген құрметтің белгісі. Балуан бабамыз өмірінің соңғы кездерін осы мекенде өткізген. Оның кесенесі де осы аумақта орналасқан. Бұл игі бастама бабамыздың спорттағы ұлы жетістігін ұрпаққа үлгі етуге бағытталған. Ең алдымен осындай ауқымды кешеннің құрылысына бастамашы болған азаматтарға алғысымды білдіремін. Спорт кешені ел игілігіне нәтижелі қызмет етіп, осы кешеннен елдің абыройын асқақтатар жаңа чемпиондар шығады деп сенемін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Түркістан облысының әкімі Қажымұқан Мұңайтпасовтың ұрпағымен кездесіп, пікірлесті. Құрмет кітабына ізгі тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды.

Нысан құрылысын «Ордабасы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ тапсырысымен «Авторемстрой ЛТД» ЖШС жүргізді. 5 гектар аумақта орналасқан ғимараттың жалпы ауданы – 3 622 шаршы метр. Жоба құны – 1,3 миллиард теңге.

Мәдени-спорт кешені 3 ғимараттан тұрады. Мұнда мұражай, кітапхана, көрме залы, асхана, конференция залы, спорт орталығы, спортшылар киім ауыстыратын және басқа да қажетті бөлмелер қарастырылған. 148 орындық амфитеатр стилінде салынған кешенде ауылдық, аудандық, облыстық және республикалық деңгейлерде күрестің кәсіпқой және олимпиадалық түрлері: еркін күрес, дзюдо, қазақша күрес, самбо күресінен жарыстар өткізуге мүмкіндік бар.

Халықаралық автожол бойында салынған заманауи кешенде туристер үшін де барлық жағдай қарастырылған. Ғимарат ішіндегі 138 орындық конференция залы, 48 орындық асхана мен 126 адамға лайықталған шағын көрме залы, кітапхана туристер үшін тәулік бойы қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Ордабасы ауданында спортпен тұрақты түрде аудан халқының 42 пайызы, яғни 53748 адам шұғылданады. Ал, ауданда спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 47 пайызды құрайды.

Ауқымды жылыжай кешені салынып жатыр

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Түркістан облысы еліміздің агроөнеркәсіп саласында көш бастап тұрған аймақтардың бірі екені белгілі. Осы орайда, аймақта ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі жобалар легі жалғасуда. Солардың бірі — Ордабасы ауданындағы Шұбарсу елді мекенінде бой көтеріп жатқан ауқымды жылыжай кешені. Бұл жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған жылыжай кешенінің құрылысымен арнайы танысып, жауапты тұлғалармен кездесті. Аймақ басшысы кешен құрылысының маңыздылығына тоқталып, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тартудың маңызын атап өтті.

– Жылыжай шаруашылығы – экономикалық тұрғыдан тиімді әрі табысты сала. Мұндай жобалар ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, облыс экономикасына серпін береді. Біз кәсіп бастаймын деген азаматтарды барынша қолдауға дайынбыз, – деді Н.Көшеров.

Жалпы жоба құны — 250 миллион теңге. Жылыжай кешені 7,5 гектар жер аумағында орналасқан. Қазіргі таңда 0,18 гектар аумаққа қияр дақылы жерсіндіріліп, алғашқы агротехникалық жұмыстар басталып кетті.

Кешенде қызанақ пен қияр өсірілетін болады. Өнімдер ішкі нарыққа жеткізіліп, жергілікті базарлар мен сауда орындарына жөнелтілмек.

Жобаға қызығушылық танытқан 30 азамат «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы қаржылай қолдауға ие болды. Олардың 20-сына жалпы көлемі 167 миллион теңге несие рәсімделген. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашып, табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде 42 учаскеге бөлінген жобаның 17-сінде жылыжай құрылысы аяқталған. Оның ішінде 3 учаскеде қажетті құрал-жабдықтар орнатылып, толық іске қосуға дайын тұр.

Бұл жоба – «Ауыл аманаты» бағдарламасының нақты нәтижесі. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, өңірлік экономиканы әртараптандыру және жергілікті өнім өндірісін арттыру бағытындағы бастамалар жалғасын таппақ.

Автоматтандырылған кірпіш зауыты іске қосылды

Ордабасы ауданынадағы Ықыластемір елді мекеніне «Altyn land» ЖШС-ның автоматтандырылған қыш зауыты іске қосылды. Кәсіпорынның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нұралхан Көшеров зауыт ұжымының жұмысына сәттілік тіледі.

– Бүгін біз заманауи және инновациялық кірпіш зауытының ашылуына куә болып отырмыз. Бұл – жай ғана өндіріс нысаны емес, бұл – біздің бірлескен еңбегіміздің, нақты стратегиялық жоспарларымыздың нәтижесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жергілікті өнім өндірушілердің әлеуетін барынша пайдалану маңызды. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қолдайды», деп атап өткен болатын. Бұл бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде біз қысқа мерзімде салынып, іске қосылған зауыттың нақты жемісін көріп отырмыз. Бұл – жергілікті атқарушы органның, инвесторлардың және барлық мүдделі тараптардың тиімді іс-қимылының нәтижесі. Өндіріс шағын және орта бизнестің дамуына, салық түсімдері мен жергілікті бюджеттің нығаюына үлес қосады. Осы кәсіпорын облысымыздағы құрылыс саласының дамуына серпін беретін маңызды нысан болатынына сенімдімін. Осы бағыттағы жобаларға облыс әкімдігі тарапынан алдағы уақытта да жан-жақты қолдау көрсетіледі. Зауыт ұжымына толағай табыс, үлкен жетістіктер тілеймін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Нысан жеке кәсіпкердің қаражаты есебінен салынған. Жоба құны – 2,3 миллиард теңге. Қыш зауытының құрылысы 2024 жылдың сәуір айында басталып, осы жылы тамыз айында аяқталды. Мұнда 120 жаңа жұмыс орны ашылды. 3 гектар жерде орналасқан зауытта жылына 90 миллион дана кірпіш шығарылады. Қазіргі таңда сынама өнім түрлері шығарылуда.

Кәсіпорында озық тәжірибе мен жоғары технологиялар негізінде жұмыс істейтін жылжымалы туннельді пеш жүйесі қолданылады. Жоба соңғы үлгідегі инновациялық Қытай технологиясымен жабдықталған. Өндіріс процесі толығымен автоматтандырылған. Сонымен қатар, зауыт экологиялық жағынан да тиімді. Кірпіш күйдіру процесінде газ пайдаланылады. Бұл атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтардың мөлшерін азайтып, қоршаған ортаға түсетін салмақты жеңілдетеді.

***

Сапар соңында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аудан активімен маңызды кездесу өткізді. Жиын барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы, негізгі проблемалар мен даму перспективалары кеңінен талқыланды. Облыс басшысы аудан әкімдігі мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, жауапкершілікті күшейтуді талап етті.

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев ауданның қазіргі ахуалы бойынша есеп беріп, басқарма басшылары өз салалары бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Кездесуде облыс әкімі мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына жан-жақты талдау жасады. Ол салық түсімдерін арттыру, кірістерді заңдастыру, ауылдық округтердің қаржылық тәуелділігін төмендету және жергілікті жобаларды тиімді іске асыру сынды мәселелерге ерекше назар аударды.

Облыс басшысы Ордабасы ауданын облыс бойынша экономикалық драйверге айналдыру қажеттігін атап өтті. Әсіресе, кәсіпорындардың салықтан жалтаруы мен әлеуметтік төлемдердің толық төленбеуі сынға алынды.

– Бюджетке тәуелділікті азайтып, экономиканы әртараптандыру – стратегиялық міндет. Мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілуде. Ендігі міндет – жергілікті әкімдердің нақты әрі нәтижелі жұмыс атқаруы. Кіріс көзін арттыруға күш салу керек, бұл жұмыстар мардымсыз. Бұл – жүйесіз жұмыстың нәтижесі. Әрбір әкім өз округінің даму көрсеткіштеріне тікелей жауапты. Ордабасы ауданы үшін ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, туризм және инфрақұрылым – негізгі тірек салалар ретінде белгіленді. Бұл салалардағы жұмыстар нақты нәтиже мен жауапкершілікке негізделуі тиіс, – деді облыс әкімі Н.Көшеров.

Жиын барысында ауданға инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмыссыздықты азайту мәселелері де көтерілді. Сонымен қатар Ордабасы ауданының туризм саласындағы әлеуеті кеңінен сөз болды. Облыс әкімі туристік нысандар инфрақұрылымын жақсарту, қызмет көрсету сапасын арттыру және санитарлық тазалықты күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді.

Кездесу соңында облыс әкімі барлық деңгейдегі басшыларды бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Мәслихат депутаттарына инвестициялық жобаларды қолдау һәм округтердегі әлеуетті бастамаларды зерделеу міндеттелді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You