Түркістан облысы: «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында Арыс қаласы мен Жетісай ауданында 600 орындық мектеп ашылды

Арыс қаласында Білім күні қарсаңында «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа білім ордасының ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев пен қала әкімі Қайсар Маңқараев, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, ұстаздар, оқушылар және ата-аналар қатысты.

Салтанатты жиында облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Әбілханұлы мен қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардақты ұстаз Әбдісаттар Жүніс құттықтау тілегін жеткізіп, жаңа мектептің лентасын қиды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан 600 орындық білім ордасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мектепте екі спорт залы, акт залы, асхана, коворкинг алаңдары, кітапхана, мәжіліс залы, арнайы пән кабинеттері мен шеберханалар бар. Сондай-ақ оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған ашық футбол алаңы да қарастырылған.

Жаңа мектепті аралап көрген ата-аналар мен оқушылар ғимараттың кеңдігі мен сәніне ерекше ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, биылғы жаңа оқу жылында Арыс қаласында 20 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның ішінде 1629 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, үлкен өмірге қадам басты.

Мұнан өзге меркелік шара Жетісай ауданында да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жаңа мектептің лентасы қиылды.

нтымақ ауылдық округіне қарасты Ақниет елді мекенінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген 600 орындық мектептің ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, ауыл тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, ұстаздар мен оқушыларды қатар келген қос қуаныштарымен құттықтады.

Бұған дейін 2,5 шақырым қашықтықта орналасқан Көрікті ауылының №37 «Еңбек» жалпы орта мектебіне қатынап оқыған ауыл балалары енді заман талабына сай толық жабдықталған зәулім ғимаратта білім алатын болады. Мұнда ұстаздар мен оқушыларға арналған кең көлемді мәжіліс залы, заманауи шеберханалар, кітапхана, асхана, спорт және хореография залдары, медициналық кабинеттер мен бейнебақылау жүйелері қарастырылған. Жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік беретін білім ұясында оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашуға, цифрлық сауаттылығын арттырып, қауіпсіз және ыңғайлы орта қалыптастыруға баса мән берілетін болады.

«Президентіміздің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасы әрбірімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені, көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан технологиялар заманында ауыл балалары да ғылым мен білімнен шет қалмауы керек. Жасалып жатқан реформаларды уақытылы меңгеріп, еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек ететін ұлтжанды тұлға болып қалыптасулары тиіс. Бұл бағытта ұстаздар қауымына артылар сенім үлкен», — деген аудан басшысы жұртшылықты жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, табыс тіледі.

Бұдан бөлек, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің оқушылар мен ұстаздардың қауіпсіз әрі ыңғайлы ортада білім алып, жұмыс істеулерін қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес ауданда 3 мектепке реновация жұмыстары, 5 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталуға жақын.

P.S. Түркістан облысында білім беру саласында инфрқұрылым бағыты қарқынды дамып, құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүргізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында жалпы қуаттылығы 22 900 оқушы орынды құрайтын 29 жаңа жайлы мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Өткен оқу жылында 13 мектеп пайдалануға берілді. Жаңа оқу жылы қарсаңында тағы 8 мектептің есігі ашылып, жыл соңына дейін тағы 8 келешек мектеп балалар игілігі үшін жұмысын бастайды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тікелей бақылауымен құрылыс жұмыстары қарқын алды. Бұл – үш ауысымдық және апатты мектептер мәселесін шешуге нақты қадам. Сонымен қатар ауыл мен қала балалары үшін тең білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Мектептерді жаңғырту (реновация) жобасы аясында облыстың 115 мектебі кезең-кезеңмен жөндеуден өтуде. Биыл 110 білім нысанының ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Облыстық бюджет есебінен 17 білім нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 11 мектеп, 1 колледждің жатақханасы (120 орын, Созақ ауданы), 5 қосымша білім беру ұйымы (Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш, Ордабасы) бар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You