Түркістан облысында мақта терім науқанына дайындық жұмыстары талқыланды

Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, мақта науқаны барысында туындауы мүмкін өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, зауыттар мен қабылдау бекеттерінің жұмысына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Бұл жұмыстар облыс әкімінің тікелей бақылауында болады.

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков мақта саласындағы өзекті мәселелерін талқылау мақсатында жиналыс өткізді. Мәжіліске аудан әкімдері, диқандар, мақта өңдеу зауыттарының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.

Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың мәлімдеуінше, биыл ауданда 116,2 мың тонна мақта жиналады деп күтіліп отыр. Күзгі терім науқанына 715 трактор, 897 тіркеме, 61 дәрілегіш ОВХ агрегаты және 222 комбайн дайындалған. Жетісай өңірінде 7 мақта өңдеу зауыты мен 77 мақта қабылдау бекеті орналасқан.

Шардара ауданы әкімінің орынбасары Жұмасұлтан Бердешов аудандағы 16 814 гектар мақталықтан 42 мың тоннадан астам өнім жинау көзделіп отырғанын айтты. Қазіргі таңда ауыл округтерінде мақта қабылдау бекеттерінің дайындығы пысықталуда.

Мақтаарал ауданында егілген мақта алқабы 35,1 мың гектарды құрайды. Диқандардың болжамы бойынша, гектарынан 27,1 центнер өнім жиналмақ.

Мәжіліс барысында шаруалар өзекті мәселелерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Мақта өңдеу зауыттарының өкілдері де проблемаларын баяндап, биылғы жоспарларымен бөлісті.

Нұрбол Тұрашбеков аудан әкімдіктеріне шитті мақтаны сатып алуға немесе терең өңдеуге инвестор тарту қажеттігін ескертті. Сонымен қатар мақта зауыттарының өндірістік мүмкіндіктерін саралап, мақта қабылдау қуаттылығы бойынша нақты болжам ұсынуды тапсырды.

– Шаруалардың құқығын қорғау үшін бірыңғай сату-сатып алу келісімшарт үлгісімен жұмыс жүргізуді тапсырамын. Келісімшартта қаржы төлеу мерзімі нақты көрсетілуі тиіс. Ортақ жұмысты күшпен емес, ақылмен атқарайық, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдап, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады.

Тұрғындармен «Ашық әкімдік» кеңсесінде кездескен Нұрбол Тұрашбеков көтерілген мәселелерді жауапты мамандармен бірге саралап, шешу жолдарын қарастырды.

Қазығұрттық азамат суармалы егістік жерлерге су жеткізу мәселесін көтеріп, Р-7А каналын жөндеуден өткізу бойынша өтініш білдірді. Аталған мәселе бойынша каналды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланғаны, қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамаға ұсынылғаны түсіндірілді. Ал, суды заңсыз пайдаланушыларды анықтаумен арнайы комиссия айналысады.

Түркістандық азаматша жерге пайдалану құқығын беру барысында тиісті мекеме тарапынан заң бұзушылыққа жол беріліп отыр деген күдігін жеткізіп, жауаптыларға шара көруді сұранды. Нұрбол Тұрашбеков жер құжатын рәсімдеу заңдылығына тоқталды. Тиісті мекеменің шешімімен келіспеген жағдайда, құзырлы мекемеге шағымдану мүмкіндігін түсіндірді.

Созақ ауданынан келген азамат балық шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетуді, саурандық тұрғын жерді заңсыз иелену дерегі бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізуді сұрады.

Нұрбол Тұрашбеков көтерілген мәселелер бойынша жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеп, орындалу мерзімін белгіледі.

Айта кетейік, жеке қабылдауға «egov.kz» порталы, «е-otinish» бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You