
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті.
Мәжіліс барысында 2025 жылдың ІІ тоқсаны бойынша негізгі индикаторлардың орындалу барысы мен қалаға инвестиция тарту мәселелері және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жұмыстары қаралды. Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Олжас Булегенов баяндама жасап, қаланың 2025 жылдың алғашқы алты айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін таныстырды.
Әзімбек Пазылбекұлы рейтинг нәтижесі жай ғана формализм емес, нақты нәтиже мен жүйелі жұмыстың көрсеткіші екенін айтып, әр бөлім өзіне тиісті индикаторларды 100% орындауды қамтамасыз етуі қажет екенін қатаң ескертті.
Сонымен қатар, Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Төлепов инвестициялық жобалардың жүзеге асуы мен әлеуметтік дүкендер мен азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шараларын баяндады.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласында жалпы құны 447,8 миллиард теңгені құрайтын 132 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде арнайы экономикалық аймақта 9, индустриалды аймақта 23 жоба іске асуда.
Ал бағаны тұрақтандыру мақсатында 82 жәрмеңке ұйымдастырылып, тұрақты мониторинг жұмыстары нәтижесінде 159 дүкенге 15%-дан асқан үстеме үшін әкімшілік шаралар қолданылған.
Қала әкімі әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіруді, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруды, сондай-ақ халықпен тиімді кері байланыс орнату қажеттігін атап өтті.
Азық-түлік қауіпсіздігі демекші, Түркістанда әлеуметтік дүкендерде азық-түлік тауарлары төмен бағада сатылуда. Мәселен, Түркістан қаласындағы «Шапағат», «Бәйтерек», «Береке», «Молшылық», «Дастархан», «Шапағат» сауда орындары мен 29 әлеуметтік дүкенде күнделікті тұтынатын негізгі азық-түлік өнімдері базар мен супермаркеттерге қарағанда арзан бағамен ұсынылып келеді.
Мысалы: картоп – 130 теңге (супермаркетте – 138 теңге), пияз – 85 теңге (супермаркетте – 92 теңге), қант – 390 теңге (супермаркетте – 425 теңге), сары май – 2300 теңге (супермаркетте – 2530 теңге), бөлке нан – 70 теңге (супермаркетте – 87 теңге). Және басқа да көптеген тауарлар қолжетімді бағамен сатылуда.
Егер аталған өнімдер жоғары бағада сатылып жатса, бірден жауапты мекеме басшысына хабарласа аласыз: +7 747 995 7586. Бақылаудағы баға халық игілігі үшін екенін ұмытпағайсыз!
Әлеуметтік мәселе сөз болғанда атап өтер тағы бір мәселе, бүгін Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлының төрағалығымен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау мәселелері бойынша комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиын барысында 2025 жылдың 7 айында атқарылған жұмыстардың есебі мен көрсеткіштері таныстырылып, негізгі мәліметтер ортаға салынды. Атап айтқанда, 2025 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында Түркістан қаласында атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтар саны 7 581 адамды құрады. Бұл қала халқының жалпы санының 3,1 пайызын, яғни 241 222 адамды құрайды.
Салыстырмалы түрде алғанда, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 58 пайызға төмендеген. Бұл әлеуметтік көмекті шынайы мұқтаж жандарға бағыттау жұмыстарының нәтижесі екенін көрсетеді.
2025 жылдың үшінші тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алу бойынша 1 387 өтініш қабылданып, оның 626-сына әлеуметтік көмек тағайындалған. Ал 761 өтінішке белгіленген тәртіпке сәйкес негізсіздігіне байланысты бас тартылған.
Комиссия отырысында учаскелік комиссиялар жұмысының маңыздылығы атап өтіліп, әрбір өтініш беруші отбасының нақты тұрмыстық жағдайына терең талдау жасау, шынайы мұқтаждық деңгейін анықтау қажеттігі баса айтылды. Сонымен қатар, көмекті әділ, ашық және тиімді тағайындау – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі екені ескертілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
