
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық маңызы зор нысандарды аралау барысында жақында пайдалануға берілетін спорт кешендері мен мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Алдымен қала М.Төлебаев көшесінде орналасқан Ә.Нұрмаханов атындағы спорт кешенінде болды. Кешенде жасөспірімдер мен балалар күрес, бокс, футбол сынды спорт түрлерімен жаттыға алады. Жалпы аумағы 4000 шаршы метрді, ішкі алаңы 713,84 шаршы метрді құрайтын заманауи спорт нысаны 2024 жылдың мамыр айында басталып, бүгінде толық аяқталған.
Қазіргі таңда қалада бұдан өзге спорттың күрес, бокс түрлеріне арналған 4 кешен Мақатаев көшесінде, Бекзат мөлтекауданында, Теріскей көшесінде және Баянауыл аумағында салынып жатыр.
Ал 500 орындық көрермен залы бар, заманауи талаптарға сай салынған көпфункционалды мәдениет үйінің құрылысы толық аяқталып, Конституция күніне орай көрермендерін қуанту үшін дайындықты бастап кетті.
Сапасы мен стандарттарға сәйкестігін бақылаған қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы жауапты мердігер мекемелерге ескертпелер мен кемшіліктерді белгіленген мерзімде толық аяқтап, халық игілігіне пайдалануға беруді тапсырды.
Әлеуметтік нысандар 29 тамыз күні ресми түрде ашылып, ел игілігіне берілмек.
Бұдан бөлек Түркістан қаласы аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және халықты қолжетімді өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қала тұрғындарына тұрақты қызмет көрсетіп келе жатқан 26 әлеуметтік дүкеннің қатары биыл жаңа нысандармен толықты.
Жеке кәсіпкерлердің қаржысы есебінен 4 жаңа әлеуметтік дүкен ашылып, 1 жылжымалы дүкен пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Жаңа қала, 9-көше, №22/1 үйдің алды, Жаңа қала, 24-көше (3 нүктеде орналасқан), Хақназар хан көшесі бойында ашылды.
Нәтижесінде, бүгінде жалпы саны 31 әлеуметтік дүкен тұрғындарға қолжетімді бағамен күнделікті тұтынуға қажетті негізгі азық-түлік өнімдерін ұсынып отыр.
Әлеуметтік дүкендер санитарлық талаптарға сай жабдықталып, әкімдік тарапынан тауарлардың сапасына тұрақты бақылау жүргізілуде. Алдағы уақытта дүкендердің санын арттыру және қала аумағында кеңінен орналастыру бағытында нақты жұмыстар жалғасын таппақ.
«Еріктіліктен – әлеуметтік кәсіпкерлікке» практикумы өтті
Әлеуметтік демекші, бүгін Түркістан қаласында алғаш рет жастарға арналған «Еріктіліктен – әлеуметтік кәсіпкерлікке» атты практикум өтті.
«Ұлы дала елі» орталығында өткен іс-шараның мақсаты — еріктіліктің қоғамдағы маңызын арттыру, жастардың азаматтық белсенділігін дамыту және әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын нығайту. Сонымен қатар, еріктілерді әлеуметтік кәсіпкерлікке бейімдеу арқылы олардың қаржылық тұрақтылығын қалыптастыру көзделген.
Іс-шараға арнайы Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, жастардың азаматтық белсенділігін арттырудағы еріктіліктің рөліне тоқталды. Әкім өз сөзінде қоғамға пайда әкелетін әлеуметтік бастамаларды қолдау қажеттігін айтып, жас кәсіпкерлерге табыс тілеп, мұндай жобалардың Түркістанның дамуына қосар үлесінің зор екенін атап өтті.
Шара барысында қатысушылар әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі қырларымен танысып, халықаралық және отандық гранттарға жоба әзірлеу, пичинг әдістерін үйренеді. Сондай-ақ қаржылық табысқа жетудің тәжірибелік тәсілдері мен ұйымның брендингін қалыптастырудың маңызын талқылады.
Практикумға әлеуметтік кәсіпкерлер, меценаттар, жергілікті билік өкілдері мен белсенді жастар қатысты. Басты спикер – Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті, «Global Kishkentai» инклюзивті шеберханасының негізін қалаушы Гүлмира Пармышева болды.
Сонымен қатар, іс-шара аясында алғаш рет Түркістан қаласының еріктілері мен әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосқан азаматтардың арнайы көрмесі ұйымдастырылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
