
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша қала халқының 82,5%-ы сақтандырылған. Әлеуметтік осал топтағы 56 964 азаматты толық қамту үшін жыл сайын 2,9 миллиард теңгеге жуық қаржы қажет. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен дәстүрлі брифинг барысында Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
2024 жылдың шілдесінен бастап дәрілік заттарды таңбалау жүйесі іске қосылып, стационарлар мен дәріханаларда дәрі-дәрмек айналымы цифрлық бақылауға алынды. «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында барлық медициналық ұйымдар электронды рецептке көшіп, 2025 жылы 619 мыңнан астам рецепт жазылды. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жаңа медициналық орталықтар салу жоспарланып, кадр тапшылығын шешу үшін жас мамандарды резидентураға жіберу тетігі қарастырылуда.
Бұдан бөлек «Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мақсатында Шымкентте 150-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, оқушылар мен студенттерге жаңа мүмкіндіктер ашылды. Үш жаңа мамандық – логистика, аяқкиім ісі және киім дизайны бойынша лицензиялар алынды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 жаңа білім ордасы пайдалануға беріліп, 10 нысанға күрделі жөндеу жасалды», — дейді Сәрсен Құранбек.
Балаларды әлеуметтік қолдау мақсатында 132 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған екен. Мектепке дейінгі білім беру саласында ваучерлік қаржыландыру енгізіліп, кезек алты есеге қысқарды. Ал тұрғын үй саясаты бойынша мемлекет жалдау ақысының 50%-ын өтеу тетігін енгізіп, мүгедектерге, жетімдерге және көпбалалы отбасыларға айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді.
Сонымен, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек сөзін былай деп қорытты: «2024 жылғы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын жариялап, ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындады. Президент қоғамдағы әділдік принципін бекітуге, әлеуметтік қолдауды күшейтуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға баса назар аударды. Сондай-ақ 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, еңбек адамын құрметтеу, кәсіби біліктілікті арттыру және еңбек нарығын жаңа деңгейге көтеру міндетін қойды. Бұл шешім жас ұрпақтың болашағын айқындап, қоғамдағы жұмысшы мамандығының беделін арттыруға бағытталған».
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
