Жұмысшы мамандықтар жылы: Шымкент қаласында жеңіл өнеркәсіп мамандарына арналған пресс-тур ұйымдастырылды

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Шымкент қаласында жеңіл өнеркәсіп саласының мамандарына арналған арнайы пресс-тур ұйымдастырылды. Шараның орны – жеңіл өнеркәсіп және сервис саласында кадрлар даярлайтын жетекші оқу орны – Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі.

Пресс-турдың негізгі мақсаты колледждің білім беру мүмкіндіктерін, түлектердің жетістіктерін және қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды таныстыру болды. Іс-шара барысында қатысушылар алдымен колледж басшылығымен кездесті. Колледж директоры Гүлмира Жапбарқызы баспасөз өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, білім беру мекемесінің әлеуеті туралы кең көлемде ақпарат ұсынды. Ол оқу орнының жоғары деңгейдегі мүмкіндіктерін атап өтті.

«Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі Шымкент қаласында жеңіл өнеркәсіп саласына мамандар даярлайтын базалық оқу орны болып табылады. 2017 жылы біз «Үздік колледж» номинациясын жеңіп алдық. Қазіргі таңда оқу процесі үш корпус бойынша жүргізіледі. Барлық ғимараттар санитарлық талаптарға сай жабдықталған және 558 орындық оқу кабинеттері бар. Колледжде 9 оқу шеберханасы мен 10 құзыреттілік орталығы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Студенттеріміз 2014 жылдан бері дуальды оқыту жүйесі бойынша білім алуда, оның 40 пайызы – теориялық, 60 пайызы – өндірістік тәжірибе. Қазіргі кезде 527 студент дуальды жүйеде білім алудамыз. Сонымен қатар, біз Шымкент қаласының 35 кәсіпорнымен өзара берік әрі сенімді серіктестік орнатып, түлектердің еңбек нарығына тікелей шығуына мүмкіндік береміз», – деді.

Жиын барысында студенттердің авторлық үлгілерінен тұратын сән көрсетілімі ұйымдастырылып, қатысушыларға колледждің шығармашылық мүмкіндіктері таныстырылды. Сондай-ақ, «Coworking» алаңы мен жастарға арналған заманауи шығармашылық кабинеттер көрсетілді. Колледжде қолданылатын құрал-жабдықтардың қатарында жапондық «JUKI», «Kanzai», италиялық «Rotondi» және түркиялық «Özbilim» брендтері бар, олардың барлығы «WorldSkills» стандарттарына сәйкес келеді. Бұл білім беру үрдісінің сапасын арттыруға үлкен септігін тигізеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You