Шымкент қаласында шаңырақ астында береке ұялатып отырған өнегелі отбасылар марапатталды

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында қаладағы «Достық үйінде» «Отбасы күні» мерекесіне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, өнегелі әулеттер марапатталды.

Мерекелік жиынның ашылу салтанатында қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева мен Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Айгүл Әмзеева қатысты.

– Отбасы – мемлекет пен қоғамның ең басты тірегі. Әр шаңырақта ұлттық дәстүр сақталып, бауырмалдық пен сыйластық орнықса, еліміздегі бірлік пен ынтымақ та нығаяды. Әрбір әулеттің тарихы – ел тарихының бөлшегі. Біз өнегелі отбасыларды дәріптеу арқылы жастарға бағыт-бағдар беруді көздейміз. Ұрпақ тәрбиесі – аналардың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Бүгінгі марапаттар – соның айғағы, – дейді Гүлжан Сүгірбаева.

Шара барысында алдын ала іріктелген отбасылар түрлі номинациялар бойынша марапатталып, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

«Азамат тәрбиелеген отбасы» номинациясын қоғамға адал қызмет етіп жүрген және ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген Курбанходжаевтар әулеті иеленді. Отбасында қазақтың туын желбіретіп жүрген таеквондошы Дастан Нәжімханов бар. «Күміс кереге» номинациясымен 25 жыл отасып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келе жатқан Бүркіттер отбасы мен Андар отбасы марапатталды. «Алтын шаңырақ» номинациясының иегері 50 жылдық ғұмырын бірге өткізген, өнегелі әулет Үсенбековтер отбасы болды.

Әр отбасы өз перзенттерін елге адал қызмет ететін, қоғамға пайдасын тигізетін азамат етіп тәрбиелеп өсірген өнегелі әулет саналады. Олардың өмірлік ұстанымы – әділдік, ізгілік пен еңбекқорлыққа баулу, ұлттық салт-дәстүрді жас ұрпаққа аманаттау. Һәм қоғамдық істерге белсене араласып, берекелі шаңырақтың мәнін паш ету.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You