Президент Жолдауы-2025: Экономиканы әртараптандыру – ұлттық дамудың кепілі

Loading

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында елдің тұрақты дамуына серпін беретін стратегиялық бағыттар айқындалды. Мемлекет басшысы агроэкономика саласын озық үлгілерге бейімдеп, ауыл шаруашылығын цифрландыру, инновациялық технологияларды енгізу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Сонымен бірге арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, басқару тетіктерін жетілдіру және инвестициялық тартымдылығын арттыру міндеті қойылды. Президент жер қойнауын зерделеуде заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектті енгізу арқылы жаңа кен орындарын анықтаудың маңыздылығын атап көрсетті. «Цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жер қойнауының заманауи картасын жасайтын уақыт келді. Мұндай қадам кен орындарының әлеуетін жаңа сапалық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді. Бұл жұмысқа да халықаралық сарапшыларды тартуға болады. Әрине, ғылыми негізі болмаса, барлау жұмысын ойдағыдай жүргізу мүмкін емес.

Келесі жылдың ортасына дейін озық халықаралық стандарттарға сай сертификаты бар зертхана ашу керек. Оны Ұлттық геологиялық қызметтің базасында құрған жөн.

Жер қойнауына қатысты мәліметтің бәрін, ең алдымен, жасанды интеллектіні енгізу арқылы жүйелеп, цифрландыру қажет.

Геологиялық барлау және жер қойнауын игеру саласындағы реформалардың заң жүзіндегі және іс жүзіндегі рәсімдерін жыл соңына дейін аяқтау керек», — деді осыған орай.

Өңдеу өнеркәсібін жаңа деңгейге көтеру де басты назарда тұр. Бұл салада инновацияларды енгізу, экспорт әлеуетін кеңейту және кадрлық сапаны арттыру арқылы экономиканың негізгі драйверіне айналдыру көзделуде.

Президент бұл тұрғыда: «Өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келді. Бұл бағытта соңғы бес жылда бірқатар жетістік бар деп айтуға болады. Өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосымша құны екі есе өсіп, 17 триллион теңгеге жуықтады. Ал оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 12,4 пайызға жетті. Былтырдың өзінде 163 жаңа өндіріс іске қосылды. Соның нәтижесінде 12,5 мың тұрақты жұмыс орны пайда болды. Мысалы, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Атырау облыстарында машина жасау және металлургия саласындағы ірі кәсіпорындар ашылды. Биыл Алматыда әртүрлі автокөліктер шығаратын Қазақстандағы ең үлкен өндіріс орны жұмысын бастады. Бірақ бұл, әрине, жеткіліксіз.

Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс. Қазір бұл жұмыс жүйесіз жүргізіліп жатыр. Қолдау шарасын ұстанымдары мен талаптары әртүрлі институттар жүзеге асырады. Мұндай ахуал кәсіпкерлерді әбден шатастырады. Бұл саланы ретке келтіріп, үйлестіру жұмысын толығымен қолға алу керек», — деп атап өтті.

Аталған бастамалар еліміздің индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз етіп, ұлттық экономиканың сапалы өсуіне негіз болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You