Созақ ауданының Жартытөбе ауылдық округінде 25 жоба сәтті жүзеге асты

Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жартытөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында округ әкімі Данияр Жүсіпов биыл округте атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Аталған жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев, құқық қорғау органдары және бөлім мен мекеме басшылары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

Жартытөбе ауылдық округінде биыл 25 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып, елді мекеннің келбеті айтарлықтай жақсарды. Жол жөндеу және көлік инфрақұрылымы бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды.

Мәселен, Бабата елді мекенінің атауы жоқ №1 көшесіне және Аққолтық елді мекеніндегі №6 көше мен Жартытөбе ауылындағы атауы жоқ №1 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудандық маңызы бар КХ-2 “Ұланбел-Созақ-Екпінді” бағытындағы облыстық маңызы бар тас жолынан Аққолтық елді мекеніне дейінгі 3 шақырымдық жолдың орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Абаттандыру және әлеуметтік нысандарды жақсарту бағытында да нақты істер қолға алынды. Жартытөбе ауылдық округі әкімдігі ғимараты мен ауылдық клубқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Бабата елді мекеніндегі саябақ көркейтіліп, көгалдандыру жұмыстары атқарылды.

Бабата ауылынан жаңа балалар ойын алаңы салынды. Жартытөбе ауылындағы «Астана» саябағына сахна орнатылып, аумақ абаттандырылуда.

Ауылдың кіреберісіндегі аркаға ағымдағы жөндеу жасалды. Сонымен қатар Ардагерлер паркі мен Жастар саябағы толық абаттандырылып, тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасалды.

Спорттық инфрақұрылым бойынша ауыл жастары үшін бірнеше жаңа нысан пайдалануға берілді. Жартытөбе ауылында жабық шағын футбол алаңының құрылысы қарқынды жүріп, аяқталуға жақын.

Бабата және Жартытөбе ауылдарында кіші футбол және балалар ойын алаңшалары орнатылды. Аққолтық елді мекеніндегі Әлібиев көшесінде кіші футбол және балалар алаңы салынды.

Көше жарығы мен қауіпсіздік шаралары да назардан тыс қалған жоқ.

Аққолтық, Жартытөбе ауылдарындағы Арқабаев, С.Сейфуллин, Иманқұлұлы және бірқатар көшелерге көше жарығы орнатылды. Жалпы ұзындығы 4,3 шақырымнан астам жарық шамдары іске қосылды. Сонымен қатар ауылдық округке бейнебақылау камералары орнатылып, қоғамдық қауіпсіздік деңгейі артты.

Кездесуде аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы ауыл халқына елді мекендерді өркендетуге бағытталған жұмыстар алдағы уақытта жалғасатынын айтып өтті.

— «Бүгінгі таңда Жартытөбе ауылдық округінде 25 жоба сәтті жүзеге асты. Бұл мемлекеттік қолдау мен тұрғындардың ынтымағының арқасы. Әр жоба ауылдың болашағына салынған берік іргетас. Алдағы уақытта да елді мекендерді дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасады. Басты мақсат тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және ауылдың әлеуетін арттыру», — деді.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, жеке мәселелері бойынша да жүгінді. Ауыл ақсақалдары ел игілігіне еңбек етіп жүрген азаматтарға баталарын беріп, игі тілектерін жеткізді.

Аудан басшысы тұрғындар көтерген барлық мәселелердің бақылауға алынатынын атап өтті. Бұл жөнінде жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар берді.

Жартытөбе ауылдық округінде салынып жатқан жаңа нысандардың құрылысы аяқталуға жақын

Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жартытөбе ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, ауылдық округте жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалардың барысын бақылауға алды.

Сапар барысында аудан басшысы Аққолтық ауылында салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс нысанында болып, сапасын тексерді. Сондай-ақ КХ-2 «Ұланбел–Созақ–Екпінді» бағытындағы тас жолдан Аққолтық елді мекеніне дейінгі аудандық маңызы бар 3 шақырымдық жолдың орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Бұдан бөлек, Жартытөбе ауылында бой көтеріп жатқан жабық шағын футбол алаңының құрылысын, «Астана» саябағындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын аралап көрді. Сонымен қатар, ауылдық округке орнатылған бейнебақылау камераларының жұмысын тексеріп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы шараларға назар аударды.

Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы жаңа нысандардың құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Бұл жөнінде жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You