Сауран ауданында Отбасының цифрлық картасын өзектендіру бойынша келелі жиын өтті

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Обасының цифрлық картасы деректерін өзектендіру мақсатында аудандық деңгейде тиісті мүдделі органдардың өкілдерінен жұмыс тобы құрылып, оның қызметін үйлестіру бойынша аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен мәжіліс өтті.

Жиын барысында аудан әкімі отбасының цифрлық картасын уақтылы әрі сапалы жаңарту тұрғындардың әлеуметтік ахуалын нақты бағамдауға және мемлекеттік қолдау шараларын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Мәжілісте аудандық білім бөлімі мен орталық аудандық аурухана, аудандық кірістер басқармасы мен ветеринариялық бекет, «Жұмыспен қамту орталығы» мен аудандық жастар ресурстық орталығы басшыларына нақты міндеттер жүктелді. Әр сала жетекшілеріне деректерді өзектендіру жұмыстарының сапасын арттыру, ақпарат алмасу тетіктерін нығайту және есептілікті қатаң бақылауда ұстау жөнінде тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар аудан әкімі отбасының цифрлық картасын өзектендіру жұмыстары облыстық даму индикаторына енгізілгенін айтып, бұл бағыттағы іс-шаралардың 2025 жылға арналған жылдық және тоқсандық индикаторлық жоспарларына сәйкес орындалуы қажеттігін қадап көрсетті.

Жиын қорытындысында аудан басшысы жұмыс тобы мүшелеріне тұрғындарға қатысты деректерді уақтылы енгізуді, өзара тығыз ынтымақтастық орнатуды және орын алған мәселелерді жедел шешуді міндеттеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You