Сауран ауданында ұстаздар марапатталып, сый-сияпат жасалды

Сауран ауданында ұстаздар қауымына арналған «Ұстаз — ұлт рухының шамы!» атты салтанатты мерекелік шара өтті. Иқан мәдениет үйінде ұйымдастырылған іс-шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен аудандық мәслихат депутаттары, ардагер ұстаздар мен білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер және БАҚ өкілдері қатысты. Мереке қонақтары фойеде жылы қарсы алынып, бүлдіршіндердің биімен бастау алған салтанат барысында ұстаздарға арналып бейнеролик көрсетілді.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров құттықтау сөз сөйлеп, қоғамдағы ұстаздың мәртебесі мен рөліне ерекше тоқталды. Ол білімді де білікті ұрпақ тәрбиелеудегі ұстаздардың еңбегіне зор алғыс білдіріп, сала үздіктерін марапаттады.

Салтанатты кеште ұстаздардың еңбегі лайықты бағаланып, түрлі марапаттар табыс етілді. Атап айтқанда, 6 ұстаз «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, 10 педагог аудан әкімінің Алғыс хатымен, 9 маман аудандық мәслихаттың Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хаттары» 14 ұстазға тапсырылды. Бұған қоса, Білім сапасын қамтамасыз ету комитетінің Құрмет грамотасы, Түркістан облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталары, аудандық ақсақалдар мен билер алқасының Алғыс хаты және кәсіподақ тарапынан «Кәсіподаққа еңбегі сіңген» төсбелгісі иелерін тапты.

Жиында ұстаздарға арналған әндер шырқалып, бүлдіршіндер би биледі.

Мереке барысында ардагер ұстаздар Балтабай Жарылқасынов пен Баян Қияқова сахна төріне шақырылып, жылы лебіздер білдірілді. Сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Тоймаханұлы да ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтады. Ұстаздардың еңбегі жас ұрпақтың жарқын болашағының кепілі екендігі атап өтілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You