
25 қазан — Республика күніне орай Сауран ауданының Үшқайық ауылдық округіне қарасты Нұртас елді мекенінде Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, ауыл тұрғындары, ардагерлер мен жастар қатысты.
Рәсім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, көк байрақ салтанатты түрде көтерілді. Жиналғандар еліміздің басты рәмізіне құрмет көрсетіп, Ту желбіреген сәтте патриоттық рухқа бөленді. Аудан әкімі өз сөзінде Республика күнінің ел тарихындағы айрықша маңызын атап өтіп:
«Мемлекеттік Ту мен Әнұран — халқымыздың тәуелсіздігі мен бірлігінің айғағы. Көк байрағымыздың биікте желбіреуі — ел ертеңіне деген сенім мен мақтаныштың нышаны», — деді Мақсат Таңғатаров.
Сондай-ақ Сауран ауданының әкімі өз құттықтауын жеткізді.
«Құрметті саурандықтар, қадірлі жерлестер!
Сіздерді ел тарихындағы ең қастерлі мерекелердің бірі — 25 қазан — Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке — халқымыздың ғасырлар бойғы арманы болған тәуелсіздікке бастар жолдың бастауы. 1990 жылы қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация — ел болашағын айқындаған тарихи құжат болды. Сол сәттен бастап халқымыз өз тағдырын өзі шешетін дербес мемлекет құру жолына түсті.
Бүгінде еліміз Президентіміздің бастамасымен жүзеге асып жатқан реформалар арқылы Әділетті Қазақстан құрудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Бұл өзгерістердің игі әсері Сауран ауданында да айқын сезілуде.
Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ауданның жалпы өңірлік өнімі 100,4 миллиард теңгеге жетті. Өнеркәсіп саласында 16,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Аудан экономикасына 51,2 миллиард теңге инвестиция тартылды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 69,3 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 104 пайызды құрады. Бұл жетістіктер — аудан тұрғындарының еңбегі мен бірлігінің нәтижесі.
Біздің ең басты байлығымыз — берекелі бірлік, ал ең қастерлі мұрамыз — егемен еліміздің мәңгілігі.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз берік, рухымыз биік болсын! Қазақстанның көк байрағы мәңгі аспанымызда желбірей берсін!
Республика күні құтты болсын!» — деп, Мақсат Таңғатаров ізгі тілегін білдірді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
