
Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров азаматтарды жеке қабылдау жиынын өткізді. Қабылдау барысында аудан тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстары тыңдалып, әр мәселе бойынша нақты шешім жолдары қарастырылды. Жеке қабылдауға жалпы 5 азамат жазылып, олар негізінен жер қатынастары, әлеуметтік қолдау және инфрақұрылым салаларына қатысты мәселелерді көтерді.
Тұрғындардың бірі денсаулық сақтау саласындағы мүгедектік топтарын анықтау рәсіміне қатысты шағымын жеткізді. Бұл мәселе бойынша аудандық емханаға нақты түсіндіру мен құжаттық тексеру тапсырылды.
Келесі азамат ауыл шаруашылығына арналған жер телімін рәсімдеу мәселесін көтерді. Жер қатынастары бөліміне Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес конкурс арқылы жер бөлу тәртібін түсіндіру және өтініш иесіне кеңес беру жөнінде тапсырма берілді.
Әлеуметтік бағыттағы бастамаларды қолдау туралы өтініштер айтылды. Атап айтқанда, аудан аумағында Халықаралық зағиптар күніне орай мәдени іс-шара өткізу ұсынысы қолдау тапты. Ауданның мәдениет және спорт бөліміне бұл бағытта арнайы іс-шара ұйымдастыру жүктелді. Тағы бір мәселе жер телімін пайдалану және кадастрлық рәсімдеу барысында туындаған қиындықтарға қатысты болды. Бұл бағытта тиісті мемлекеттік корпорациямен бірлесіп, түсіндіру және шешу шаралары қабылданатын болды.
Сондай-ақ, экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында күл-қоқыс полигонын салу үшін жер телімін бөлу мәселесі қаралып, ол заңнама талаптарына сәйкес зерделеуге алынды. Аудан әкімі әр өтінішті мұқият тыңдап, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді.
«Халық заңгері» акциясы өтті
Орайы келгенде атап өтер тағы бір жайт. Бүгін еліміздің барлық өңірлерінде «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы өтті. Осыған орай Сауран ауданында да аталған акция өз бастауын алды. Іс-шара аудан әкімдігі аппаратының басшысы Бекзат Абубакировтың төрағалығымен Басқармалар үйінде ұйымдастырылды.
Акцияға аудан прокурорының міндетін уақытша атқарушы Сухрабжан Каххаров, «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, сондай-ақ ауданның аумақтық және құқық қорғау органдарының басшылары мен прокурорлар, тергеушілер мен сот орындаушылары, адвокаттар қатысты.
Іс-шара азаматтарды қабылдау форматында өтті. Акция аясында тұрғындар неке және отбасы, мұрагерлік, тұрғын үй, қылмыстық, еңбек, азаматтық құқық, сот шешімдерін орындау, денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу, әкімшілік құқық бұзушылық және басқа да құқықтық салаларға қатысты сұрақтарына кәсіби жауап алды.
– Жобаның мақсаты — халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң нормаларын дұрыс түсіндіру және олардың біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта азаматтардың өтініштеріне заңгер-сарапшылар толыққанды құқықтық көмек көрсетеді. Бұл акцияның басты миссиясы — халыққа ашық әрі қолжетімді құқықтық кеңес беру, — деді аудан прокурорының міндетін уақытша атқарушы Сухрабжан Каххаров.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
