
Бүгін Сауран ауданы әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары мен өзекті мәселелер қаралды.
Күн тәртібіне сәйкес төрт мәселе талқыланды. Бірінші мәселе бойынша экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов пен кірістер басқармасы басшысының орынбасары Болат Қозбағар аудандық бюджеттің 2025 жылдың 9 айында игерілуі және кіріс көздерінің орындалу барысы туралы баяндама жасады.
Екінші мәселе аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Асылбек Қанағат аудан көлемінде жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жөнінде баяндады.
Үшінші мәселе бойынша құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарушы Нұрмухаммед Сұлтанмурат құрылыс саласының 9 айдағы көрсеткіштері мен пайдалануға берілетін нысандар туралы есеп берді.
Төртінші мәселе шеңберінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбек «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі Д және Е санатындағы отбасылар санын төмендету бағытында атқарылған жұмыстар туралы айтты.
Мәжіліс қорытындысына сәйкес, аудан әкімі тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді жақсарту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
