Ордабасы ауданында жаңа фармацевтикалық кәсіпорынның тұсауы кесілді

Бадам ауыл округіне қарасты Қарабастау ауылында «Дарын-2030» фармацевтикалық өндірістік кәсіпорнының ашылу салтанаты өтті.

Заманауи талаптарға сай жабдықталған кәсіпорын клиникалық-бактериологиялық зертханаларға арналған медициналық реагенттерді өндіруге бағытталған. Мұнда «қоректік ортаға арналған дефибринделген қой және жылқы қаны, зарарсыздандырылған» және «қоректік ортаға арналған инактивтелген жылқы сарысуы» сынды жоғары сапалы өнімдер дайындалады.

Кәсіпорынның негізін қалаушы – 40 жылдан астам тәжірибесі бар провизор, фармацевтика саласының білікті маманы Гүлия Бексұлтанқызы Джузенова. Ол жаңа өндіріс орны арқылы ел медицинасына сапалы отандық өнім ұсынуды және жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуды мақсат еткен.

Салтанатты рәсім барысында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа кәсіпорынның ел экономикасына қосар үлесіне тоқталды. Ол өңірде осындай инновациялық бағыттағы жобалардың арта түсуі мемлекеттің индустриялық-инновациялық саясатының нақты нәтижесі екенін атап өтті. Мұнан соң сөз алған аудан әкімі Азат Оралбаев қатысушыларды қуанышты оқиғамен құттықтап: «Мемлекет басшысының индустриялық-инновациялық даму саясаты аясында елімізде жоғары технологиялы һәм импортты алмастыратын өнімдерді өндіруге баса назар аударылып келеді. Осы бағыттағы бүгінгі маңызды қадам – ауданымызда осындай бірегей өндірістің ашылуы.

«Дарын-2030» серіктестігінің бастамасы – бұл тек жаңа жұмыс орындары ғана емес, сонымен қатар отандық медицина мен денсаулық сақтау саласын дамытуға қосылған сүбелі үлес. Ендігі жерде шетелден әкелінетін өнімдер өз жерімізде, өз мамандарымыздың күшімен өндіріледі», – деді аудан басшысы.

Ресми бөлімнен соң қонақтар зауыттың ішін аралап, өндірістік үдеріс пен заманауи технологиялардың жұмысымен танысты.

Жаңа фармацевтикалық кәсіпорынның іске қосылуы – өңір экономикасын әртараптандыру мен медициналық саланы дамыту жолындағы маңызды бастама болмақ.

Осы тұста атап өтерлігі, биыл шілде айының соңына таман Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Orzax Group» басқарма төрағасы Селман Алимоғлыны қабылдаған болатын. Әлемдегі биологиялық белсенді қоспалар нарығында көшбасшылардың бірі саналатын компания басшылығымен кездесуде бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Orzax Group» компаниясының Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауыт салу шешіміне қолдау білдіріп, бұл бастама отандық фармацевтика саласын әртараптандыруға және еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Селман Алимоғлы компанияның Қазақстанда өндірістік базаны кеңейтумен ғана шектелмей, ғылыми-зерттеу және инновация бағыттарын да дамытуға ниетті екенін жеткізді.

Бүгінгі таңда «Orzax Group» биологиялық белсенді қоспалардың 150 түрін өндіріп, әлемнің 60 еліне экспорттайды. Қазақстандағы өндіріс жобасына компания 40 миллион доллар инвестиция құйып, 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You