Ордабасы ауданы бойынша биыл 71 600 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді

Ордабасы ауданында молшылық пен берекенің мерекесі — «Алтын күз – 2025» және Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні кең көлемде аталып өтті.

Мерекеге аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, облыстық «Amanat» партиясының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев пен облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, ауданның құрметті азаматтары, ауыл еңбеккерлері мен тұрғындар қатысты.

Мерекелік алаңда ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер паш етіліп, заманауи техникалар көрмесі, өнім жәрмеңкесі және асыл тұқымды малдар таныстырылды. Аудан әкімі Азат Оралбаев жиналған қауымды құттықтап, ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегін ерекше атап өтті:

«Біз молшылық пен берекенің, ырыстың мерекесін атап өтудеміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сай, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру — біздің басты міндетіміз. Соның нәтижесінде Ордабасыда агроөнеркәсіп саласы тұрақты даму жолына түсті. Бұл жетістіктер — шаруаларымыздың қажырлы еңбегінің, дұрыс жоспарлаудың және бірліктің жемісі. Халқымыз “Жері байдың — елі бай”, “Еңбек түбі — береке” деп бекер айтпаған. Бірлігіміз бен еңбегіміздің арқасында ауданымыз әрқашан берекенің мекені болып қала береді», — деді аудан басшысы.

Биыл аудан бойынша 71 600 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде 6 925 гектар аумақ су үнемдеу технологиясымен игеріліп отыр. Бұл — су ресурстарын тиімді пайдаланудағы маңызды жетістік.

Жылыжай шаруашылығы бағытында да оң өзгерістер бар. Нақтырақ тоқталсақ, Шұбарсу ауыл округінде 15 гектар жер телімі бөлініп, 42 шаруаға берілді. Оның 30-ы “Ауыл аманаты” бағдарламасы арқылы қолдау алып, бүгінде 23 азамат алғашқы өнімін жинауда. Осылайша, аудандағы жылыжай көлемі 134 гектарға жетті.

Аудан шаруалары биыл 144 дана жаңа техника сатып алып, еңбек өнімділігін арттырды.

Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 450 мың тоннаға, жалпы құны 55,9 миллиард теңгеге жетті. Биыл облыс диқандары 144,5 мың гектарға мақта егіп, 470 мың тонна өнім жинауды жоспарлап отыр. Заманауи технология қолданылған егістік көлемі 1,2 мың гектардан 50 мың гектарға дейін артқан. Қазіргі таңда өңір шаруаларына 25 зауыт пен 175 қабылдау бекеті қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, Ордабасы ауданында да мақта алқабы ұлғайып, өнім көлемі артуда. Биыл 509 шаруа қожалығы 7 142 гектар алқапқа мақта екті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 742 гектарға көп.

Аудан бойынша мақтаның орташа түсімі 27 центнерді құрап, жалпы 19,3 мың тонна өнім жиналады деп жоспарланған.

Мақта өңдеу ісімен «Нұр Агро 73» ЖШС айналысады. Төрткүл ауылдық округінде орналасқан бұл кәсіпорын Қазіргі таңда 10 мың тоннаға жуық өнім қабылдаған.

Биыл шаруалар мақтаның түрік сорттары – «ВА 1010» және «ВА 440 Лазерді» еккен. Ал баға өткен жылмен салыстырғанда өсіп, биыл 1 килограмы 270 теңгеден қабылдануда.

Мал шаруашылығында да тұрақты өсім бар – төрт түліктің жалпы саны 560 мың басқа жеткен. Мәселен, ауданда мал шаруашылығымен айналысып, елеулі табыс тауып жүрген еңбекқор азаматтардың бірі – Дихан ауылының тұрғыны Ділмұханбет Сәгидіков.

Ол шалғай елді мекенде орналасқан қорасында кәсібін дамытып келеді. Бұл іспен айналысқанына 6 жыл болған. Қазіргі таңда оның қорасында 45 бас өгіз бар.

Ділмұханбет мал басын көбейту бағытында үздіксіз еңбек етіп, өз тәжірибесін жетілдіріп келеді. Қысы-жазы мал азығын дайындап, жергілікті жем-шөп қорын тиімді пайдаланады. Осындай табандылық пен еңбектің арқасында бүгінде ауылдағы үлгі болар шаруалардың бірі саналады.

Бұдан бөлек ауданның негізгі даму көрсеткіштеріне де тоқтала кетсек:

Халық саны – 133 мың адам (тәуелсіздік жылдарында 77 мыңнан артқан);

Аудан бюджеті – 20 миллиард теңге (1990 жылы 171 миллион теңге болған);

11,2 миллиард теңге инвестиция тартылып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 77 миллиард теңгеге жетті;

7 283 гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізіліп, техника 60 пайызға жаңартылды;

Мереке қарсаңында 3 ауыл ауыз сумен қамтылып, аудан бойынша ауызсумен қамту деңгейі 100 пайызға жетті;

Табиғи газбен қамту – 77 пайыз;

78 мектеп, 61 балабақша, 181 спорт нысаны халық игілігіне қызмет етуде.

Мерекелік шара барысында ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкерлері Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен және сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінің әртістері мен жас өнерпаздар ұсынған концерттік бағдарлама көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мереке соңында қатысушылар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін тамашалап, еңбеккерлердің жетістіктерін жоғары бағалады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You