
Кентау қаласында жұмысшы мамандықтарын дайындайтын Кентау политехникалық колледжі бар. Оқу орны 2011 жылы Кентау трансформатор зауытының негізінде құрылған.
Сондай-ақ, «Alageum Electric» компаниясының құрылымдық бөлігі. «Кентау политехникалық колледжі» білім беру мекемесі 2012 жылы (алғашқы тіркеу күні 22.09.2011 жылы) «Кентау трансформатор зауыты» акционерлік қоғамы (құрылтайшы) Басқармасының шешімі негізінде «Кентау политехникалық колледжі» жеке білім беру мекемесі ретінде ашылып, 2019 жылы «Қазақ-Неміс политехникалық білім беру мекемесі» болып өзгертілді.
2019 жылдан бастап Түркістан облысы әкімдігінің білім саласындағы бақылау департаментінің Қазақстан Республикасының Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті 2019 жылғы 18 шілдедегі № KZ96LAA00016612 лицензиясына сәйкес «Кентау политехникалық колледжі» білім беру мекемесі ретінде білім беру қызметін жүзеге асыруда. Бүгінде колледж қабырғасында 11 мамандық бойынша 800-ден астам студент білім алады.
Оқу орны электроэнергетика, автоматтандыру, IT, мехатроника, жаңартылатын энергия көздері және 3D-модельдеу бағыттарындағы шеберханалармен жабдықталған. Сонымен қатар, колледж ғимаратында жаңа техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген оқу кабинеттері бар. Онда студенттердің инновациялық жобаларымен айналысуына барлық жағдай жасалған. Кабинеттер компьютерлермен һәм интерактивті тақталармен қамтамасыз етілген.
Айтпақшы, колледж кітапханасында заманауи жалпы техникалық, салалық және көркем әдеби оқулықтардың 13 мыңға жуық қоры бар. Бұдан бөлек, негізгі құралдардың бірі — «Smartnation» платформасы. Бұл студенттер мен оқытушылар үшін ашықтық пен ыңғайлылықты қамтамасыз ете отырып, оқу процестерін автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Бұл оқу орнының түлектері «Кентау трансформатор зауыты» АҚ өндірістік алаңында және еліміздің жетекші кәсіпорындарында еңбек етіп жүргенін атап өткен жөн. Өндіріс орнының басты ерекшелігі – өнімдерін заманауи қондырғылар негізінде жасап шығарады. Колледжде оқу процесінің алғашқы күндерінен-ақ студенттерге зауыттың өндірістік орындарында тәжірибеден өтуге мүмкіндік беріледі. Нәтижесінде студенттер бір мезгілде теориялық әрі практикалық білім алады. Қазіргі таңда колледжді 2 мыңға жуық түлек тәмамдап, түрлі кәсіпорындар мен ұйымдарда жұмыс істеп жүр.
Айта кетейік, аталған оқу орны Қазақстандағы ТОП-10 үздік колледждердің қатарында тұр. Білім ордасы Түркістан облысының білім беру саласындағы жетекші оқу орындарының бірі саналады. Онда өндіріс, инновация және тәжірибеге бағытталған оқыту жүйесі тиімді жүзеге асырылады. Колледж энергетика, машина жасау, IT, жаңартылатын энергия көздері және басқа да салаларда жоғары сұранысқа ие мамандарды даярлайды.
Айтпақшы, биыл қазан айында Кентау политехникалық колледжі «Энергетика» бағыты бойынша Қазақстанның үздік колледжі атанды! Ақтауда өткен алғашқы «TurkicSkills» чемпионатында колледж «Қазақстанның үздік колледжі» белгісімен марапатталды. Марапатты Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Медельбекова табыстады.
Чемпионатқа 8 елден — Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Венгрия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Моңғолиядан — жас мамандар мен сарапшылар қатысты.
Дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Түлектер «Alageum Electric» кәсіпорындарында жұмысқа орналасады. Бұл марапат — оқытушылар мен студенттердің энергетика саласын дамытуға қосқан үлесін мойындау әрі Кентау политехникалық колледжі — болашақ мамандарды даярлайтын жетекші орталық екенін дәлелдейді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
