
Түркістан қаласы төрінде алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі бүгін де жалғасын тапты. «Turkistan Book Fair» жәрмеңкесіне алыс-жақын шетелдер мен еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ге жуық баспа ұйымы қатысып жатыр. Олардың қатарында Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Саха Республикасы (Якутия), Ресей және Моңғолия мемлекеттері бар.
Сондай-ақ көрмеге еліміздің кітап нарығында өзіндік орны бар жетекші отандық баспалар да қатысуда. Атап айтқанда, «Атамұра», «Алматыкітап баспасы», «Қасым» баспа үйі, «Мазмұндама», «Меломан» сияқты баспалар өздерінің таңдаулы өнімдерін көпшілік назарына ұсынуда.
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Фолиант» баспасы және «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы ұйымдастырған ауқымды шарада кітапсүйер қауымның қарасы мол. Мұндағы қатары тізілген ақ шатырларға отандық және шетелдік баспалардың кітаптары қойылып, келушілер назарын ерекше аударды.
Жәрмеңке барысында оқырмандарға кітаптар баспа бағасымен ұсынылып қана қоймай, кейбір басылымдар кітаптарды сыйға тартып жатты.
Балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға баулу мен отбасымен бірге кітап оқуды насихаттау, оқырман талғамын қалыптастыру мақсатында өткен көрмеде қырғыз жазушысы Сұлтан Раевтың «Жанжаза» романы, Несіпбек Айтұлының «Ләйлі-Мәжін» дастаны, Ұларбек Дәлейұлының «Бату хан» тарихи-деректі романы және «Саха поэзиясының антологиясы» сынды кітаптарының тұсауы кесілді.
Сонымен қатар Мұхтар Әуезов күнделіктері таныстырылды. Көрмеге келушілерге белгілі ақын, жазушы, айтыскер Баянғали Әлімжанов, жазушы, ақын Ұларбек Дәлейұлы және басқа да авторлармен шығармашылық кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында Баянғали Әлімжанов балаларға арналған 100-ден астам кітапты мектептер мен кітапханаларға сыйға тарту етті.
Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ересектерге де, балаларға да бірдей қызықты болатын үш күндік мәдени-іскерлік бағдарламадан тұрады. Балалар алаңында кітап оқу мен арнайы шеберлік сағаттары, тағы басқа да қызықты іс-шаралар өткізілуде.
Көрме алаңында подкаст форматында Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» шығармасы талқыланды. Шығарманы «КітапХан» жобасының негізін қалаушы Хамит Ердехан таныстырып, қатысушылар пікір білдіріп, туындыға өзіндік бағасын берді.
Осылайша күннің соңына қарай Түркістанда түркі тілдес елдердің баспалары мен қаламгерлерін біріктірген халықаралық «Turkistan Book Fair» кітап көрме-жәрмеңкесі өз мәресіне жетті.
Үш күнге созылған шара аясында жаңа кітаптардың тұсаукесерлері мен авторлармен кездесулер, шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, оқырмандарға отандық және шетелдік баспалардың үздік туындыларын баспа бағасымен алу мүмкіндігі ұсынылды. Көрме түркі әлемінің рухани байланысын нығайтып, әдеби ынтымақтастықты арттыруға серпін берді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
