Түркістан облысы: Мектеп директорларының басқарушылық білігін арттыруға арналған өңірлік интенсив ұйымдастырылды

Түркістан шаһарында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен «Білім берудегі көшбасшы бағдары» өңірлік басқару интенсиві өтті. Іс-шараға Түркістан облысындағы орта білім беру ұйымдарының 800-ге жуық мектеп директоры қатысты.

Аталған шараның ашылуында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов және Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Толқын Айдосова білім сапасына тұрақты қолдау көрсету, өзгерістерді тиімді басқару және мектеп басшылығындағы жаңа көзқарастың маңызына тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздармен кездесуінде «Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды» деген болатын. Бұл ретте Түркістан облысында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен білім саласына тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Ұстаздардың білім сапасын көтеру бағытында да жүйелі жұмыстар бар. Мәселен, өткен жылы қолға алынған «Мектеп менеджменті: басқару аспектілері мен әдістері» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсы – осы маңызды миссияны нығайтуға бағытталған елеулі қадам болды. Бұл курсқа 762 орта білім беру ұйымының басшылары белсене қатысып, мектепті басқарудағы жаңа әдістер мен тиімді тәсілдерді меңгерді, – деген Ертай Кенжебекұлы облыстың білім беру сапасын үздік деңгейге көтеру басты мақсат екенін айтты.

Шара барысында педагог-тренер Ескендір Бестай нәтижелі басшылықтың қырларын талдаса, Түлкібас ауданындағы Н.Жандарбеков атындағы мектеп директоры Гүлжан Әмірбекова мектепті трансформациялаудағы өзінің басқарушылық тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ Түркістан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Айдын Түсіпжанов тұрақты даму жолында бірлескен жұмыс пен ортақ құндылықтардың рөлін атап өтті.

Интенсив бағдарламасында стратегиялық жоспарлау, кадрлық менеджмент, кәсіби мәдениет, шешім қабылдау, цифрлық басқару, тиімді серіктестік, ресурстарды басқару, қауіпсіз орта қалыптастыру, жоба менеджменті сияқты маңызды бағыттар қамтылған. Шеберлік сағаттарында тренерлер тиімді басқару мәдениетін қалыптастыру бойынша кеңестер берсе, кейс-сессияларда директорлар өз мектептеріндегі сәтті тәжірибелерін ортаға салды.

Айта кетсек, «Білім берудегі көшбасшы бағдары» – Педагогикалық шеберлік орталығының мектеп басшыларының кадр резервін дайындау және олардың біліктілігін арттыру бағытындағы жүйелі жұмысының жалғасы. Орталық 2023 жылдан бері «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа буын білім беру көшбасшыларын даярлап келеді.

Мұнан өзге түнеугүні Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев «Білім беруді тұрақты дамыту» қорының өкілдерімен кездесіп, өңірдегі білім саласын дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты. Алдағы жоспарларды баяндап, негізгі басымдықтарға тоқталды. Ауылдық аймақтағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру мәселесі талқыланды.

– Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Қазақстан халқына» қоры арқылы облыс аумағында «Ауылды жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында «Қазақстан халқына» қоры есебінен 4 миллиард. теңгеге 16 мектеп жабдықталып, жаңартылды. Сонымен қатар білім сапасын арттыру мақсатында 3 мыңға жуық педагог әдістемелік іс-шаралармен қамтылды. Ал 2 мыңға жуық мұғалімге біліктілікті арттыру курсы мен семинар ұйымдастырылды, – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы.

Кездесу барысында «Білім беруді тұрақты дамыту» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Күләш Шамшидинова өз пікірін ортаға салып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Біздің мақсатымыз – ауыл мектебінің әлеуетін және білім сапасын арттыру. Сондықтан білім саласын дамыту үшін Сіздермен бірлесе отырып, қарқынды жұмыстар атқарамыз деп сенемін, – деді ол.

Кездесу барысында трек мектептерде әдістемелік қолдау шараларын жүзеге асыру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, ауыл мектептерінің бірлестігін құру, интернет желісімен мектеперді толық қамтамасыз ету мен бірыңғай цифрлық кітапхана құру және Жол картасы аясындағы жұмыстарды жандандыру мәселелері талқыланды.

Жиын соңында білім саласын дамыту бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Сондай-ақ барлық көтерілген ұсыныстар мен тапсырмалар бойынша жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You