Түркістан облысында балалардың құқығын қорғау мен білім сапасын көтеру бағытында цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр

Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың арасындағы келеңсіз жағдайларды алдын алу жөніндегі штаб отырысы өтті. Онда өзекті мәселелер сараланып, жан-жақты талдау жүргізілді. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүрігізді, жауапты сала басшылары мен полиция өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов баяндама жасап, барлық аудан, қала әкімдіктерінде штаб құрылғанын айтты. Оның айтуынша, Түркістан облысында білім беру саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде педагог-психологтардың жұмысын толықтай цифрлық форматқа көшіру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Түлкібас, Қазығұрт аудандары мен Арыс қаласында «We Global AI платформасы» сәтті іске қосылған. Мұндай автоматтандырылған жүйелер мектеп психологтарының жұмысын тиімді етіп, нақты әрі жедел шешім қабылдауға жағдай жасайды. Бұл бастама тек ірі елді мекендермен шектелмей, шалғай ауылдардағы балалардың да психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

«Түркістан облысы психологиялық қолдау орталығы» КММ директорының міндетін уақытша атқарушы Мөлдір Баймұхамедова балалармен жұмыс және сауалнама қорытындысы туралы баяндама жасады. Ол өңірде оқушылардың психоэмоционалдық бақылау, алдын алу және уақытылы көмек көрсету бағытында нақты шаралар қолға алынғанын айтты.

Сонымен қатар жиында кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жүргізген жұмыстар туралы аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары есеп берді.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтуді, білім беру саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізу бағытында жүйелі жұмыстарды жандандыруды және «WeGlobal.AI» платформасының тиімділігін арттыру, оны барлық аудандарда толыққанды іске қосу бойынша жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

Бұдан бөлек Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Мұқатай бастаған ҚМДБ өкілдермен де кездесті. Басқосуда өңірдегі рухани саладағы мәселелер талқыланды.

Кездесу барысында Түркістан қаласында бой көтеріп жатқан рухани-тарихи нысандар сөз етілді. Бұл нысандардың өңірдің руханияты мен туризм әлеуетіне оң әсер ететіні айтылды.

– Түркістан рухани астана болғандықтан, біздің қаламызға көңіл бөліп отырғандарыңызға алғыс айтамын. Руханият саласындағы бастамаларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Еліміздің руханиятын дәріптеуде бірлесе жұмыс атқарайық, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You