
Агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Республикадағы суармалы жерлердің 4/1 бөлігі облысқа тиеселі. Мемлекет басшысының жаңа бөгеттер салу және су қоймалары құрылыстарын жүргізу тапсырмасы сәйкес, көктемгі тасқын суларды ұстап, суару маусымына тиімді пайдалану үшін, Бәйдібек ауданында «Бәйдібек ата» су қоймасы жобасының құрылысы жүргізілуде және Ордабасы ауданында «Боралдай», «Иқан су» су қоймаларын салу жобалары әзірленіп жатыр.
Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда Түркістан өңіріне 120 миллион текше метр ағын су қосымша жеткізіліп, кепілді ағын сумен қамтамасыз етілетін болады. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен 5,4 миллиард теңге қаржы қаралып, 13 су нысандарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар су нысандарын «Ислам даму банкі» қаржысын тарту есебінен қалпына келтіруде кешенді шаралар қабылдану үстінде. Жалпы, 25 су қоймасы, 1 су реттегіш, 269 каналды (4265,4 шақырым күрделі жөндеуден өткізу нәтижесінде су нысандарының тозу көрсеткіші 76%-дан 50%-ға төмендейді. Нәтижесінде, 400 мың гектар суармалы жерлерге су жеткізу қабілеттілігі артып, жыл сайын қосымша 200,0 миллиард теңгенің өнімі өндіріледі. Жергілікті отандық өндірісті дамыту бағытында «Тұран су» кәсіпорны жанынан «Суару жүйелеріне арналған параболалық лотоктар шығару өндірісі» іске қосылды. Нысанның қуаттылығы – тәулігіне 45 дана. Жаңадан 20 тұрақты жұмыс орны құрылды. Бұл өз нәтижесінде каналдарды жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетіп, су шығынын 40%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік беретін болады.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, толықтай су үнемдеу технологияларына көшу, шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі өндірісті жолға қою, қайта өңдеу саласын күшейту бағыттарында жүргізілуде. Осы мақсатта іске қосылған «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС – халықаралық стандарттарға сай, заманауи, су ресурсын үнемдейтін жаңа жобалардың бірі. Жоба шеңберінде Арыс пен Отырар аудандарында 32 мың гектарға элиталық мақта дақылы егілді. Мұндағы ең басты ерекшелік – тамшылатып суару әдісінің кеңінен қолданылуы.
«Мысалы, дәстүрлі тәсілде мақта алқабын суару үшін әр гектарға 12 400 текше метрге жуық су қажет болса, бұл жоба аясында әр гектарға бар болғаны 4 мың текше метр су жұмсалды. Нәтижесінде су тұтыну мөлшері 3 есеге азайып, 42 миллион текше метр су үнемделді, ал өнімділік 2-3 есеге артты. Бұл – нақты әрі тексерілген дерек. Сондықтан бұл жобаның Сырдария өзенінің суының азаюына әсері болды деу мүлде негізсіз. Керісінше, жаңа технологияның арқасында су ресурсы тиімді әрі үнемді пайдаланылып жатыр», — өңірдің ауыл шаруашылығы мамандары.
Биылғы вегетациялық кезеңдегі су көлемінің азаюы табиғи факторлардың әсерінен орын алғанын атап өткен жөн. Атап айтқанда, жауын-шашын мөлшерінің аздығы, таулы өңірлердегі мұздықтардың аз еруі және трансшекаралық сулардағы тапшылық бүкіл өңірге әсер етіп отыр. Бұл мәселе тек Түркістан облысына ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдеріне ортақ.
Облыс әкімдігі шаруашылықтардың ағын су тапшылығына ұшырамауы үшін нақты шаралар қабылдауда. Соның ішінде:
- Су үнемдеу технологиясын жыл сайын 50 мың гектарға енгізу;
- Альтернативті су көздерін пайдалану;
- Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту;
- Шекаралас елдермен тиімді су саясатын жүргізу бағыттары бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда.
«Сондықтан да «Қытай инвесторлары Сырдарияны суалтты» деген ақпарат жалған әрі негізсіз. Бұл жобалар тек отандық заңнама аясында, мемлекеттік бақылаумен іске асуда. Жер шетелдіктерге берілмейді, ал инвестициялар – тек ел игілігі үшін жұмыс істейді.
Басты мақсатымыз – халқымыздың тұрмыс сапасын арттыру, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету», — дейді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
