
Түркістан облысы бойынша мемлекеттік тапсырыс алатын жалпы 157 жекеменшік мектеп бар. Аталған білім беру ұйымдары 2024-2025 оқу жылының соңына дейін «Қаржы орталығы» АҚ тарапынан қаржыландырылған. Бұл жөнінде Түркістан облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов мәлім етті.
Жекеменшік мектептерге жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде оқушыларды есепке алу мен қаржыландыру бойынша сәйкессіздіктер анықталды. Ұлттық білім беру дерекқорында мемлекет есебінен қаржыландырылатын оқу орнында тіркелген балалардың іс жүзінде басқа мектепте оқитыны белгілі болды. Түйіткілді мәселелерді шешу мақсатында елімізде жекеменшік мектептерді қаржыландыру бойынша жаңа пилоттық жоба іске қосылды. Енді төлемдер ҚР Қаржы министрлігінің «e-Qazyna» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Нақтырағы, жекеменшік мектептерге қаржы e-Qazyna платформасындағы OrtaBilim цифрлық сервисі арқылы бөлінеді. Қаржыландыру процесін жеңілдетіп, ашық ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін барлық бюджет, реестр, мектеп өтінімдері мен кезегі ашық форматта жарияланады.
Жаңа жүйе бойынша әр мектеп, мұғалім және оқушы туралы деректер автоматты түрде мемлекеттік базалармен салыстырылады. Оқушылар мәліметі электронды күнделік жүйесімен біріктіріліп, қаржы нақты оқушылар санына қарай төленеді.
Еліміздегі барлық жекеменшік мектептерге жалпы 64 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлу жоспарланып отыр. Жергілікті білім басқармалары бюджеттерін жариялаған соң ғана мектептер өтінім бере алады. Жүргізілген тексеріс нәтижесінде кейбір мектептерде оқушылар санының жалған көрсетілуі, жұмыс істемейтін мұғалімдердің тізімге енгізілуі және ғимараттың талапқа сай келмеуі сияқты заң бұзушылықтар анықталды.
Өңірдегі 157 жекеменшік мектеп ҚР Қаржы министрлігінің «Ақпараттық есептеу орталығы» АҚ-ның «e-Qazyna» порталында тиісті құжаттарын жүктеп, келісімшарттар жасалды. Мәліметтер толық тексеріліп, «e-Qazyna» жүйесіне жүктелгеннен кейін көрсетілген қызметтердің орындалу актісі рәсімделіп, Қаржы орталығына жолдануда.
Бүгінде облыстағы 110 мектепке қаржы аударылды. Яғни, 25 мыңнан астам оқушыға және 4 мыңнан астам жекеменшік мектеп қызметкерлеріне ұсынылған құжаттарға сай төлем толық жүргізілді. Қалған жекеменшік мектептердің оқушылардың сабаққа қатысу көрсеткіштері мен олардың басқа білім беру ұйымдарына ауысу фактілері «BilimClass.kz» платформасы арқылы тексеріліп, жыл соңына дейін толық көлемде төленеді.
Қаржыландыру тек нақты оқып жүрген балаларға жүргізіледі. Барлық дерек расталған соң ғана төлемдер рәсімделеді. Ешбір жекеменшік мектеп назардан тыс қалмайды.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің №251 бұйрығына сәйкес, жекеменшік мектептерді қаржыландыру бойынша пилоттық жоба енгізілуде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
