Сайрам ауданында «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» тақырыбында кездесу өтті

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық ақпараттық-насихат тобының мүшелері Ақсукент ауылында орналасқан Оңтүстік Қазақстан индустриалды-инновациялық колледжінің мәжіліс залында «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» тақырыбында кездесу өтті.

Кездесуге «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалы басшысы Базарбай Мамадиярұлы Айтбаев пен ауданның бас имамы Арыстан Оразалыұлы Оспанов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық төрағасы Мұрат Мырзатайұлы Есалиев, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қайрат Аубакирұлы Құрманқұлов және колледж студенттері қатысты.

Кездесу аясында Базарбай Мамадиярұлы жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мен олардың қауіпсіздігі, лудомания (ойынқұмарлық) мен буллингтің (әлімжеттілік) алдын алу, әлеуметтік кеселдерге қарсы иммунитет қалыптастыру мен қоғамдық орындарда тәртіп сақтау мәселелеріне тоқталды.

«Уақыт — адамның ең қымбат қазынасы. Қазіргі заманда жастардың көбі уақытын әлеуметтік желілер мен бос істерге жұмсайды. Бірақ дәл осы уақытты оқу мен өз-өзіңді дамытуға арнасаң, болашағың жарқын болады. Уақытты дұрыс жоспарлаған адам бәріне үлгереді: білім алуға да, спортқа да, демалысқа да. Әр күніміз — өміріміздің бір парағы. Бос өткізілген әр сағат — жоғалған мүмкіндік. Сол себепті уақытты бағалап, әр сәтті мақсатқа арнау керек», — деп, Арыстан Оспанов ойымен бөлісті.

Ал Мұрат Есалиев: «Адамның санасы, жан әлемі халқымыздың рухани дәстүрлерінің негізімен сусындамаса, жалпыұлттық қасиетті құндылықтарды сіңіре алмайды. Туған жерге деген сүйіспеншілікті, Отанға деген шынайы махаббатты әркім өзінің адалдығы мен тазалығынан бастайтын уақыттың жеткені күмәнсіз», — деп, студенттерге заман талабына сай білім алуда сәттілік тіледі.

Кездесу барысында жоғарыда аталған тақырыптар төңірегінде ой қозғалып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You