Отырар ауданының әкімі Тәуелсіздік пен Әділдік үшін күрескен желтоқсаншылармен кездесті

Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов 16 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі аясында Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесті.

Кездесуде аудан басшысы Желтоқсан оқиғасының ызғары мен бейбіт күннің бағасы жайлы айтып, еркіндіктің қадіріне жете білудің маңыздылығын атап өтті. Аудан әкімі өз сөзінде: «Сіздерді барлық игілігіміздің бастауы болған ұлы мереке – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 34 жыл, ал 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 39 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – халқымыз үшін ерекше қастерлі күн. Біз еркіндігімізді әрдайым мақтан тұтып, қастерлеуге тиіспіз. Сіздер – бүгінгі күннің батырларысыздар. Ерліктеріңіз бен отансүйгіштік рухтарыңыз өскелең ұрпаққа әрқашан үлгі бола бермек!», – деді.

Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы Желтоқсан оқиғасының маңызы тек сол күндермен шектелмейтінін айтып, ол Тәуелсіздікке жету жолындағы күрестің бастауы болғанын жеткізді.

Іс-шара барысында желтоқсаншылар ел тарихындағы маңызды кезеңде бастан кешкен оқиғалары мен естеліктерімен бөлісті. Жиын барысында Желтоқсан оқиғасына қатысып, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына үлес қосып келе жатқан желтоқсаншыларға «Отырар ауданына 90 жыл» мерекелік медалі табысталды.

Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алуы керектігін айтқан болатын. «…1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек», — деген Мемлекет басшысы жаңа тарихымыздың да толыққанды жазылмағанын айтты. Мұның стратегиялық маңызы бар мәселе екенін тілге тиек еткен Қ.Тоқаев бұл іске беделді тарихшыларды тартуды тапсырды: «Шынына келсек, Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда, стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы. Бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет».

Иә, біздің халқымыз бостандыққа жету үшін қиындықтарға тап болды, ата-бабаларымыз армандаған бостандық үшін жанқиярлықпен күресті. Осыған байланысты, ұлт санасын дүр сілкіндірген және қоғамды алға жетелеген желтоқсан оқиғаларының ерекше маңызы бар екенін атап өткен жөн. Қасиетті Тәуелсіздік пен қайғылы Желтоқсан — бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Біз 1986 жылдың қатал күндерінен тура бес жыл өткен соң бостандыққа қол жеткіздік.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You