Отырар ауданы: Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақкөл ауылының тұрғындары ауыз сумен қамтылды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Отырар ауданына қарасты Ақкөл елді мекенінде ауыз су жүйесін жүргізу мен имаратының құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындар таза ауыз сумен қамтылды.

Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы, Отырар ауданының прокуроры Әмір Пулатұлы, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

— Құрметті жерлестер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында ауылдық елді мекендерді дамыту, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бойынша берілген тапсырмасына сәйкес, Отырар ауданында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы орайда бүгін ауыл халқы сапалы ауыз сумен қамтылып отыр. Нәтижесінде бүгінде аудандағы 38 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған таза ауыз суға қол жеткізіп отыр, — деді Қайрат Жолдыбайұлы.

Салтанатты шарада аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы жаңа су жүйесінің іске қосылуы ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп, жайлы өмір сүру жағдайларын жақсартуға оң әсерін тигетінін атап өтті.

Сондай-ақ, салтанатты іс-шарада Отырар ауданының прокуроры Әмір Пулатұлы аталған нысанның құрылысы мемлекетке прокуратура органдары арқылы қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылғанын айта келе, бұл шара заң үстемдігін қамтамасыз етіп, қайтарылған қаражатты халық игілігіне бағыттаудың нақты үлгісі екенін жеткізді.

Нысанның құрылыс жұмыстары «Exclusive Project company» ЖШС-і мекемесі тарапынан жүргізілген. Жобаға сәйкес, 11 560 метр су құбыры жүргізіліп, 65-ке жуық отбасы ауыз сумен қамтылды. Құрылыс нысанында 1250м (2 дана) су ұңғымасы қазылып, су сорғы станциясының имараты салынған.

Аудан әкімі жауапты мамандарға жаңа нысанды күтіп ұстап, ауылды сумен үзіліссіз қамтамасыз етуді тапсырды.

Айтпақшы, естеріңізде болса, 25 қзан – Республика күні мерекесі қарсаңында да Қарақоңыр ауылы округіне қарасты Сырдария елді мекенінің ауыз су жүйесі пайдалануға берілген-ді. Аталған нысанның құрылысы да мемлекетке прокуратура органдары арқылы қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды. Бұл – заң үстемдігін қамтамасыз етіп, қайтарылған қаражатты халық игілігіне бағыттаудың нақты үлгісі.

Шараның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы арнайы қатысып, тұрғындарды көптен күткен ауыз су жүйесінің іске қосылуымен құттықтап еді.

Аудан басшысы өз сөзінде: «Бүгін бәріміз үшін қуанышты, тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Сырдария елді мекенінде ауыз су жүйелерін тарту жұмыстары толығымен аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілуде. Бұл — ауыл халқының көптен күткен қуанышы, өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза ауыз су» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Сол ауқымды жұмыстың нақты нәтижесін бүгін өз ауданымызда көріп отырмыз. Ауыз су — тіршіліктің көзі, денсаулықтың негізі. Осы жобаның жүзеге асуы ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырып қана қоймай, жастардың ауылда тұрақтап, еңбек етуіне де үлкен серпін береді деп сенеміз», — деген-тін.

Айта кету керек, Отырар ауданындағы 38 елді мекеннің барлығы да орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Орталықтандырылған жаңа су жүйесінің іске қосылуы ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп, жайлы өмір сүру жағдайларын жақсартуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығына оң әсерін тигізері анық.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You