Түркістан облысының қала-аудандарында ауыл шаруашылығы саласында үздік нәтиже көрсеткен еңбеккерлерге құрмет көрсетілді

«AGROFEST Шардара – 2025»: мерекесінде еңбек адамдары мен шаруалар марапатталды

Шардара аудандық мәдениет үйінде өткен «AGROFEST Шардара – 2025» шарасында аудан әкімі Арман Қарсыбаев ауыл шаруашылығы саласының үздік еңбеккерлеріне алғыс айтып, арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыстады.

Аудан басшысы өз сөзінде: «Адал еңбектеріңіз ауданның дамуына зор үлес қосып отыр. Берекелі өнім, молшылық, табыс тілеймін!» — дей келе, Шардараның аграрлық әлеуеті жыл сайын артып келе жатқанын, диқандардың бірлігі мен жүйелі жұмысының нәтижесінде барлық негізгі дақылдар бойынша жоғары өнім алынғанын атап өтті. Сондай-ақ шаруа қожалықтарында техника жаңарып, су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізіліп жатқанын айтты. Алдағы жылдың егіс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатқанын, күздік бидай егу толық орындалғанын жеткізді. Көпшілікті Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, барша қауымға амандық пен береке тіледі. Іс-шара мерекелік ән шашуға жалғасып, қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ауданның ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамуда. Экономиканың 80 пайызын құрайтын бұл саланың жалпы өнім көлемі биыл 64,9 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 101,3% болды. Өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,6 миллиард теңгеге артты. Агроөнеркәсіп кешеніне 23 миллиард теңге инвестиция тартылып, оның 10 миллиард теңгеден астамы «Казкрахмал» ЖШС жүгері өңдеу зауытының құрылысына бағытталды.

Егіс алқаптарында ағын суды үнемдеу бойынша 5,0 мың гектардан астам жерге жаңа тамшылатып суару технологиясы енгізілді, бұл өз кезегінде су шығынын азайтып, өнімділікті арттырды. Мал шаруашылығы саласында 5 жаңа бордақылау алаңы іске қосылып, жалпы саны 45-ке жеткен.

Жиын соңында аудан әкімі Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, барша қауымға амандық пен береке тіледі. Іс-шара мерекелік ән шашуға жалғасып, қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы қызметкерлері марапатталды

Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы саласының мамандарына арналған «Алтын күз-2025» мерекелік іс-шарасы өтті. Аудан әкімі Мадияр Оразалиев осы салада аянбай еңбек етіп жүрген сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, бірқатар азаматтарды марапаттады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп, бұл салаға ерекше мән беріп келеді. Сондықтан өнімділікті арттыру және жаңа технологияларды енгізу бағытында Қытай, Түркия және Австралия мемлекеттерінің оң тәжірибелерін қолдануымыз тиіс. Табиғаты қолайлы, еңбек күші мол ауданымызда бұл саланы дамытуға барлық жағдай бар. Заман талабына сай өрлеу үшін ауқымды жоспарлар түзіп, биік межелер белгілеп отырмыз. Алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2,2 есеге арттыруға күш саламыз, – деді аудан әкімі.

Іс-шара барысында ауыл шаруашылығы саласында Сайрам ауданы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен ауылдық округтер марапатталды. Атап айтсақ, I орын – Қарабұлақ ауылдық округі, II орын – Қарасу ауылдық округі және III орын – Манкент ауылдық округі иеленді.

Сондай-ақ аудандағы ауыл шаруашылығы еңбеккерлері «Озаттар», Құрмет грамоталары және «Үздіктер» номинациялары бойынша марапатталды. Марапаттау рәсімінен кейін арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қатысушыларға көтеріңкі мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, ауданда 9 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді. Бұл облыстық көрсеткіштің 10 пайызын құрайды. Облыстағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің 12 пайызы Сайрам ауданында өндіріледі. Өткен жылы 10 айда 124,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, биыл бұл көрсеткіш 136,5 миллиард теңгеге жетті. «AGRO FEST – 2025» іс-шарасында аудан «Қайта өңдеу бағытын дамытуда озат аудан» деп танылды. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 7,7 миллиард теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артты. Тамақ өндірісіне 9,2 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге жоғары.

Сарыағаш ауданында «Алтын күз-2025» мерекесі аталып өтті

Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай, «Aлтын күз-2025» мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Жиынға аудан әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Қайрат Салыбеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы, сала мамандары, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері және аудан тұрғындары қатысты.

Күзгі жиын-терім науқанының қорытынды көрсеткіші айқындалатын мерекеде аудан әкімі Арман Абдуллаев құттықтау сөз алып, жыл бойы адал еңбегімен өз саласында жетістікке жеткен, мол өнім алып ауылдастарға үлгі болған үздік шаруа қожалықтарын, үздік ауылдық округ әкімдерін және үздік сала мамандарын марапаттады.

– Құрметті ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері, құрметті қонақтар, ауыл ардагерлері! Сіздерді бүгінгі ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің «Алтын күз-2025» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сарыағаш – ауыл шаруашылығы дамып келе жатқан аграрлы аудан. Ауданымыз аграрлы аудан болғандықтан экономикамыздың қозғаушы күші мен табыс көзі де ауыл шаруашылығы саласы. Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты болса, сіздердің еңбектеріңіздің арқасында ауданның агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып келеді. Ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы кез-келген жетістігі шаруалардың, диқандардың адал еңбектерінің және мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларының арқасы деуге болады, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың депутаты Рысбек Асылбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар азаматтарға алғыс хат табыс жетті. Түркістан облыстық мәслихат депутаты Қайрат Салыбеков сала қызметкерлеріне «Ауыл» партиясының арнайы мерекелік төсбелгісін табыстады. Салтанатты іс-шара соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Ерте көктемнен қара күзге дейін дала төсінде тер төгіп, еңбек еткен жергілікті диқан қауымының өнімдері және аталған салада жүрген кәсіп иелерінің азық-түлік жәрмеңкесі мерекелік шара алдында ұйымдастырылды.

Келес ауданында ауыл шаруашылығының үздіктері анықталды

Келес ауданында ауыл еңбеккерлерінің дәстүрлі «Алтын күз – 2025» мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Абай ауылында ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, ауыл шаруашылығы саласында үздік нәтиже көрсеткен еңбеккерлерді марапаттады.

Мерекелік жиында сөз алған аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев Келес өңірінің аграрлық саласы жыл сайын тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті.

— Жыл басынан бері аудан бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 57,4 миллиард теңгеге жетті. Салаға 11 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 132 пайыздық өсімге қол жеткіздік. Биыл 22,9 мың гектар жерге егіс егілді, оның 12 мың гектардан астамы көкөніс пен бақша дақылдары. Сонымен қатар 1168 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізіліп, жоспар толық орындалды. Қазіргі таңда аудан бойынша төрт түлік саны 500 мың басқа жетіп отыр. Бұл – ауыл еңбеккерлерінің маңдай терінің, қажырлы еңбегінің жемісі, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар әкім су шаруашылығын дамыту бағытында да маңызды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

— Биыл 86,9 шақырым су арналары мен қашыртқылар тазаланып, 2120 гектар жерге ағын су жеткізу мүмкіндігі артты. Алдағы уақытта 127,9 шақырымды құрайтын 10 магистралды каналға бетон қаптау жобасы жүзеге асырылады, – деді Жәнібек Ағыбаев.

Мереке барысында еңбегімен елге үлгі болған шаруалар мен округ әкімдері түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Атап айтқанда, «Жаңақоныс» ЖШС төрағасы Құрманғали Турумбетов – «Озат көкөніс өндіруші», «Мейіржан» ШҚ жетекшісі Мейіржан Абдималик – «Озат ет өндіруші», ал «Береке-Ынтымақ» ШҚ басшысы Оразәлі Дарменшеев – «Озат шопан» аталымдары бойынша үздік деп танылды.

Жыл қорытындысы бойынша ауылдық округтер арасында Біртілек ауылдық округі – І орын, Бірлік – ІІ орын, Жамбыл – ІІІ орын иеленді.

Мерекелік шараның көркін өнерпаздар орындаған ән мен күй жандандырды. Әнші Наркенже Серікбаева тамаша ән орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ Балалар саз мектебінің шәкірттері орындаған «Ерке сылқым» және «Балбырауын» күйлері кештің сәнін арттырды.

Салтанатты жиын соңында аудан әкімі ауыл еңбеккерлеріне ризашылығын білдіріп:

— Келестің басты күші – еңбекқор азаматтарымыз. Еңбегі еленген әрбір шаруа ауданның дамуына үлес қосып отыр. Біз ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз, – деді.

Шара концерттік бағдарламаға ұласып, қатысушылар көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

Атап өту керек, Келес ауданында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды даму үстінде. Жыл басынан бері жалпы өнім көлемі 57,4 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығының үлесі 37 миллиард теңге, ал мал шаруашылығының үлесі 20,3 миллиард теңге болды.

Салаға 11,2 миллиард теңге инвестиция тартылып, тамақ өнімдері өндірісіне 600 миллион теңгеден астам қаржы бағытталды.

Өсімдік шаруашылығы бағытында аудан бойынша 22,9 мың гектар жерге егіс егілді. Оның ішінде көкөніс, бақша және түйнек дақылдары 12,4 мың гектарды қамтыды. Негізгі өнімдер қатарында қырыққабат, бұрыш, қызанақ, қияр, асқабақ, пияз, сәбіз және картоп бар. Сондай-ақ, 5,4 мың гектарға азықтық дақылдар егілді.

Мал шаруашылығы саласында өнім өндіру көлемі жоғары деңгейде сақталуда. 9 айдың қорытындысымен аудан бойынша 11 мың тоннадан астам ет, 24 мың тоннаға жуық сүт өндірілді.

Көрші мемлекеттерге 13 064 тонна ет өнімі экспортталып, Келес ауданы өңірлік ет экспортының жетекші орталығы ретінде танылып отыр.

Түлкібас ауданында «Алтын күз» мерекесіне орай ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтті

Аудан орталығында «Алтын күз-2025» мерекесіне орай, жеңілдетілген бағада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Аудан әкімі Асқар Естібаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев, ауылшаруашылығы өнімдерімен танысып, оң бағасын берді.

Жәрмеңкеде аудан аумағындағы 15 ауылдық округ, кенттерден ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз өнімдерін аудан тұрғындарына дүкен бағасынан 15-20 пайыз арзан бағада ұсынды.

Молшылық мерекесінің жәрмеңкесіне ауданымызға арнайы ат басын бұрып келген «Kazakhstan Silk Road International Holdings Group» ЖШС-нің өкілдері қатысып, жергілікті өнімдерден дәм ауыз тиді.

Сондай-ақ, жәрмеңке барысында арқан тартыс, қошқар көтеру сынды ұлттық ойындарымыздан жарыстар ұйымдастырылып, техника мен асыл тұқымды төрт түліктін көрмесі көпшілікке ұсынылды.

 Төлеби ауданында ҚР «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні» мерекесіне орай дәстүрлі «Алтын күз – 2025» мерекелік іс-шарасы өтті

Мерекеде ауыл шаруашылығы өнімдерін жәрмеңкесі мен көрмесі ұйымдастырылды. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Қайратұлы шараға арнайы қатысып, сала еңбеккерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет Грамотасы», Түркістан облысының және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен, арнайы дипломдармен марапатталды. Мерекелік шара барысында аудан өнерпаздары шаруалар құрметіне концерт ұйымдастырды.

Айта кетейік, ауданда биыл 10 айда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 45,4 миллиард теңгені құраған. Оның ішінде, өсімдік шаруашылығы – 21,8 миллиард теңге, мал шаруашылығы – 23,5 миллиард теңге. Ал, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 4,1 миллиард теңгеге жетсе, тамақ өнімдері өндірісіне тартылған қаржы – 1,1 миллиард теңге. 2025 жылы егілген егіс көлемі — 62,2 мың гектар, астық өнімділігі — 33,4 мың тонна. Бұдан бөлек, ауданда 55 мал бордақылау алаңы, 16 жанұялық сүт фермасы, 7 шағын құс фермасы ашылған. «Fish House» ЖШС 500 миллион теңге инвестициямен балық өсіру жобасын іске қосқан. Су шаруашылығында каналдар тазаланып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ордабасы ауданында ырыс пен берекенің мерекесі — «Алтын күз – 2025» және Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні кең ауқымда аталып өтті

Мерекеге аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, Түркістан облыстық «Amanat» партиясының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, ауданның құрметті азаматтары мен ауыл еңбеккерлері, тұрғындар мен қонақтар қатысты.

Аудан тұрғындары мен қонақтары жиналған думанды шарада ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер, заманауи техникалардың көрмесі, жергілікті шаруалардың өнім жәрмеңкесі, асыл тұқымды малдар мен ауыл еңбеккерлерінің қол жеткізген табыстары таныстырылды. Ауданның агроөнеркәсіп саласында жүзеге асқан жобалар мен жергілікті кәсіпкерлердің жаңа бастамалары жөнінде ақпарат берілді.

Аудан әкімі Азат Оралбаев жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтап, ауыл еңбеккерлеріне ризашылығын білдірді.

Биыл аудан бойынша 71 600 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 6 925 гектар аумақ су үнемдеу технологиясымен игеріліп отыр. Бұл — су ресурстарын тиімді пайдалану жолындағы маңызды жетістік.

Сонымен қатар жылыжай шаруашылығын дамыту бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Шұбарсу ауыл округінде 15 гектар жер бөлініп, 42 шаруаға телім берілді. Оның 30-ы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаржылай қолдау алған. Бүгінде 23 азамат жылыжай құрылысын аяқтап, алғашқы өнімдерін жинауды бастаған. Осылайша, аудандағы жылыжайлардың жалпы көлемі 134 гектарға жетті.

Биыл аудан шаруалары 144 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, еңбек өнімділігін арттырды. Нәтижесінде аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы өнімі 450 мың тоннаға, ал өнімдердің жалпы құны 55,9 миллиард теңгеге жетті.

Мал шаруашылығы саласында да тұрақты өсім байқалады. Бүгінде төрт түліктің жалпы саны 560 мың басқа жетіп отыр.

Мерекелік шара барысында ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкерлері алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен және сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ аудандық мәдениет үйінің әртістері мен жас өнерпаздар әзірлеген концерттік бағдарлама көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мереке соңында қатысушылар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін тамашалап, аудан еңбеккерлерінің жетістіктерін жоғары бағалады.

Бәйдібек ауданында «Алтын күз – береке мен ырыстың бастауы» атты мерекелік іс-шара өтті

Дәстүрлі мереке ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлеріне құрмет көрсету және күзгі науқанның қорытындысын атап өту мақсатында ұйымдастырылды. Салтанатты жиында аудан әкімінің міндетін атқарушысы Бақыт Қырғызалиев көпшілікті мерекемен құттықтап, ауыл шаруашылығы саласына үлес қосып жүрген еңбек адамдарына алғыс білдірді.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан еңбек озаттарына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталып, олардың еңбегіне лайықты құрмет көрсетілді.

«Алтын күз – 2025» мерекесі қарсаңында ауыл шаруашылығы саласын қолдау және елді мекендердің техникалық әлеуетін арттыру мақсатында ауылдық округ әкімдіктеріне 11 трактор тіркемесі, 3 жүк тиегіш (погрузчик) және аудандық мәдениет үйіне 1 автокөлік (газель) табысталды. Бұл қадам – ауыл шаруашылығы саласының материалдық-техникалық базасын нығайтып, еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі.

Мерекелік жиын аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Созақ ауданында Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған дәстүрлі «Алтын күз – 2025» мерекелік жәрмеңкесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды

Аудан орталығындағы Орталық алаңда өткен шараға тұрғындар мен шаруалар көптеп жиналып, жергілікті өнімдер мен жетістіктер паш етілді. Жәрмеңкеде аудан еңбеккерлері өндірген маусымдық өнімдер халыққа қолжетімді бағамен ұсынылды. Бұл – бір жағынан әлеуметтік маңызы бар шара болса, екінші жағынан, еңбек иелерінің бір жылдық жетістігін тойлайтын салтанатты мереке ретінде өтті.

Шара аясында асыл тұқымды мал мен ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Асыл тұқымды қошқардың салмағын өлшеу сәті де жұртшылықтың қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар, үздік өнім алған шаруа қожалықтары, ауылдық округ әкімдіктері және сала мамандары арнайы марапаттарға ие болды.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков салтанатты жиында сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– «Бұл – бір жыл бойы маңдай тер төгіп, адал еңбек еткен азаматтардың мерекесі. Ауыл шаруашылығы – ауданымыздың тірегі. Қиындығына қарамастан, сіздер табандылық пен қажырлы еңбек үлгісін көрсетіп келесіздер. Осы мерекелі күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге береке тілеймін», – деді аудан басшысы.

Салтанатты марапаттау сәтінде ауыл шаруашылығы бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізген ауылдық округтер марапатталды. Шолаққорған ауылдық округі (әкімі Жеңісәлі Төлепбергенов) І орынды, Қарақұр ауылдық округі (әкімі Ғалым Бимендиев) ІІ орынды, ал Сызған ауылдық округі (әкімі Базар Жаппарқұлов) ІІІ орынды иеленді.

Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов өз құттықтауын білдіріп, сала үздіктеріне марапаттар табыс етті. Кеш соңы мерекелік концертке ұласып, келген жұрт көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Биыл ауыл шаруашылығы саласы үшін жетістіктерге толы болды. Аудан бойынша 7 371 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде бидай, арпа, жүгері, мақсары, көкөніс, бақша өнімдері мен картоп өсірілді. Жаңа жоңышқа алқаптары да егілді, ал 7 267 гектар жерде ескі жоңышқа қайта өңделіп жатыр.

Су үнемдеу технологиялары кезең-кезеңімен енгізіліп, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік туғызуда. Биыл 197 гектар алқапқа тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесі орнатылды. Бұл – су ресурстары шектеулі өңір үшін тиімді шешім.

Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту ісі де жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2025 жылға жоспарланған 33 дана техниканың бүгінде 26-сы жеткізілді. Бұл шаруаларға егін егу мен жинау жұмыстарын жеңілдетіп, агротехникалық процестердің сапасын арттырып отыр.

Аудан аумағында балық шаруашылығы да даму үстінде. Қазіргі таңда 15 балық шаруашылығы жұмыс істейді. Онда сазан, форель, дөңмаңдай секілді балық түрлері өсірілуде. Бұл бағытта ауданның мүмкіндігі зор, әрі болашағы бар сала ретінде бағалануда.

Мал шаруашылығы – Созақтың негізгі бағыты. 2025 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша ауданда 42 490 бас ірі қара, 266 329 бас қой, 27 818 бас ешкі, 36 497 бас жылқы, 16 873 бас түйе және 28 247 құс тіркелген. Бұл көрсеткіштер аудан шаруаларының тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

Созақ ауданы – ауыл шаруашылығымен етене айналысатын, табиғи мүмкіндігі мол аймақ. Мұнда еңбекқор шаруалар мен мамандардың арқасында өнім көлемі жыл сайын артып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулар – субсидия, техника жаңарту, аграрлық бағдарламаларға қолжетімділік – ауыл еңбеккерлеріне үлкен демеу болуда.

«Алтын күз – 2025» жәрмеңкесі – тек ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі емес, елдің ең басты байлығы – еңбек адамын құрметтейтін мереке. Осы шара арқылы ауылдың тіршілігі, шаруалардың табысы мен жетістігі көпшілікке кеңінен насихатталды. Ең бастысы – елдің ертеңі ауылда екенін көрсетіп, ауыл еңбеккерлерінің мерейін үстем еткен шара жоғары деңгейде өтті.

«Алтын күз – 2025»: Арыс қаласында еңбек адамдары ұлықталды

Арыс қаласындағы Мәдениет үйінде ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлеріне арналған «Алтын күз – 2025» салтанатты шарасы өтті. Жылдың төрт мезгілінде тыным таппай еңбек етіп, берекелі күздің ырысын еселеген диқандар мен малшылардың мәртебесі асқақтаған кеш көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.

Жиында сөз алған қала әкімі Қайсар Маңқараев ауыл шаруашылығы саласының даму қарқынына тоқталып, жер ырысын халық игілігіне айналдыруда қажырлы еңбек еткен жандарға зор құрмет білдірді.

– «Арыс үшін еңбек еткен әр адамның маңдай тері — біздің ортақ байлығымыз. Көктемде жер жыртып, жазда күтіп-баптап, күзде мол өнім алған ағайынның еңбегі қашан да құрметке лайық. Бүгінгі жетістіктер – сіздердің тоқтаусыз тіршілік пен табанды еңбектеріңіздің нәтижесі. Баршаңызға алғыс айтамын», – деді шаһар басшысы.

Марапаттау рәсімінде сүт өндірісі, жылыжай, балық шаруашылығы, мал басын асылдандыру, дәнді дақылдар өндірісі саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар азаматтарға «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілері, Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетуге үлес қосқан бірқатар шаруа қожалық жетекшілері мен ауылдық округ әкімдері де лайықты марапаттарға ие болды.

Осы сәттен кейін сахна төрінде тағы бір қуанышты әрі маңызды оқиға орын алды. Қала әкімі еңбеккерлерді қолдау бағытындағы игі бастамалардың бірі ретінде «Каз Киоти» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен мемлекеттік жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында «Оспан» шаруа қожалығына 5 пайызбен 7 жылға берілген су жаңа «Dong Feng 904» маркалы тракторының кілтін салтанатты түрде табыстады.

Шара барысында «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков те сөз алып, аграрлы саланың дамуына үлес қосып жүрген озат шаруаларға партия мен мәслихат атынан Алғыс хаттар табыстады.

Салтанатты кеш Арыс өнерпаздарының әсерлі концерттік бағдарламасына ұласып, әуелеген ән мен мың бұралған би көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сауран ауданында шаруалардың «Алтын күз – 2025» мерекелік шарасы өтті

Сауран ауданында дәстүрлі «Алтын күз – 2025» ауыл шаруашылығы мерекесі өтті. Іс-шара аудан орталығындағы әлеуметтік сауда орталығы алаңында өтіп, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шара аясында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде ауданның 12 ауылдық округінің шаруалары тұрғындарға табиғи әрі сапалы өнімдерін ұсынды. Сауда сөрелерінде ет, сүт, бал, көкөніс, жеміс-жидек, бақша өнімдері мен тұрмыстық тағам түрлері халыққа арзандатылған бағамен саудаланды.

Мереке барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жиналған қауымды «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні» мерекесімен құттықтап, салада үздік еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын табыс етті. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласына сіңірген еңбегі үшін бірқатар еңбеккерлерге арнайы «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тапсырылды.

Түйін. Айта кетейік, Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егіліп, өткен жылдан 34 мыңға гектарға ұлғайып отыр. Сондай-ақ өңірде су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 мың гектар алқапқа енгізіліп, жалпы көлемі 114 мың гектарды құрады. Одан бөлек, мақта дақылы жаңа әдіспен 52 мың гектар алқапқа егіліп, өнімділік екі есеге артты. Өңірде мақта-тоқыма кластерін құру жобасы қолға алынып, құны 201 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде мақта өнімділігін 3 есеге дейін арттырып, 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделуде. Бүгінгі таңда жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жиналды. Бұл бойынша Түркістан облысының республикадағы үлесі 76 пайызға жетіп отыр.

Ал, мал шаруашылығының дамуы, ет экспорты бойынша Түркістан облысы — республикада жетекші орында. Республикада экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы — облыстың еншісінде. 2025 жылдың 10 айына 27,2 мың тонна ірі қара мал еті, 20 мың тонна қой еті экспортқа бағытталды. Ет кластерін дамыту бағытында құны 48,9 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жылына қосымша 35 мың тонна ет өндіріліп, ет экспортының көлемі 2 есеге ұлғаймақ.

Саланы әртараптандыру бағытында басымдық қайта өңдеу саласына берілді. Осы орайда, 3 кластерлік бағытты дамытуды қолға алынды (мақта, жүгері, ет). Осы арқылы 2026 жылы жалпы өңірлік өнім көлемін қосымша 558 миллиард теңгеге ұлғайту күтілуде.

Облыстың агроөнеркәсіптік кешені саласында 2025-2027 жылдарға инвестициялық жобаларды іске асырудың Жол картасы бекітіліп, құны 295,5 миллиард теңгеге 78 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар биыл 10 айда өңірдегі ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 155,6 миллиард теңге инвестиция тартылып, 1,1 есеге ұлғайды. Ал тамақ өндірісінің негізгі капиталына 31,5 миллиард теңге инвестиция тартылып 1,3 есеге өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 355,5 миллион АҚШ долларын құрап, 1,1 есеге артты. Жалпы өнім көлемі 182,5 миллиард теңгеге ұлғайып, 1 триллион 86,9 миллиард теңгегі құрады. Өңір республикада алғашқы орында тұр. Жыл қорытындысына сәйкес, жалпы өнім көлемі 1 триллион 207 миллиард теңгеге, нақты көлем индексі 105 %-ға жеткізілмек.

 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You