
Түркістан облысында 2026 жылға үйірлі шегірткелерге қарсы 421,594 гектар аумаққа химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оған қоса, өңірде шегіртке зиянкесінің таралуын төмендету мақсатында 1454,7 гектар аумақта жер жырту жұмыстарын жүргізу ұйымдастырылды. Мамандардың есебінше, ерте қамданған аталған іс-шаралардың нәтижесінде шегіртке зиянкесінің саны азаятын көрінеді.
Қазіргі таңда шегіртке дернәсілдерінің жаппай көбеюінің алдын алу және зиянкестерді ерте кезеңде жою мақсатында топырақты аудару және өңдеу жұмыстары басталды. Арнайы жүргізілген мониторинг нәтижесінде дернәсілдердің шоғырланған аумақтарының нақты координаттары анықталды. Бүгінде 115 гектар жер жартылып, өңделген жердегі күбіршелерге зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңделетін барлық жер көлемі Облыстық болжам-әдістемелік орталығының мониторинг жұмыстарының нәтижесінде анықталып, нақты координаттар бойынша жүзеге асырылу үстінде.
Бұл жұмыстар жалпы облыс бойынша 8 аудан, қалада атқарылмақ. Нақтырақ айтқанда, Арыс қаласында, Сарыағаш, Бәйдібек, Келес, Шардара, Сауран, Ордабасы және Қазығұрт аудандарында жүргізу жоспарланған. Облыс көлемінде жер жырту жұмыстарына 90 техника тартылған. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы алқаптарының сақталуын қамтамасыз етіп, өнімділікке төнетін қатерді азайтады.
Айта кетейік, биыл облыс аумағында үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 715 мың гектарға жүргізілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары.
Жалпы, биыл елімізде 2,7 миллион гектар алаңда шегірткеге қарсы күрес жүргізілді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Саят Сақмолдин 1 тамызда Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді. Оның айтуынша, сол уақытта еліміздің барлық өңірінде өңдеу жұмыстары толығымен аяқталған.
«Күрес шараларын уақытылы және сапалы жүргізу мақсатында, аталған бағыттағы жұмыстарды үйлестіру үшін барлық өңірде облыс әкімінің өкімімен облыс әкімі орынбасарлары басқаратын жедел штабтар, әр аудан, қалаларда арнайы жұмыс топтары құрылды. Арнайы жол картасы әзірленді», — деді спикер.
Жалпы, биылғы зерттеу жұмыстарына 3652 адам тартылды, бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда екі есеге артық. Зерттеушілер санының артуы мониторинг жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізуге мүмкіндік берді. Зерттеу шараларына 7 агродрондар сатып алынып жұмылдырылды. Өңдеу жұмыстарына 443 бірлік арнайы техника жұмылдырылды, атап айтқанда, шегірткелермен күресуге 239 жер үсті бүріккіш техникасы, 100 газогенератор, 24 жеңіл ұшақ, 31 аса жеңіл ұшақтар және өзінің жоғары тиімділігін көрсеткен 49 агродрон қолданылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
