
Түркістан облысында мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік қорғалуы және өзекті мәселелері талқыланды.
Жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда басқармаға қарасты 12 коммуналдық мемлекеттік мекеме мүгедектігі бар азаматтарға түрлі қызметтер көрсетуде.
Қазіргі таңда республика бойынша 737,4 мың мүгедектігі бар адам тіркелсе, оның 102 401-і Түркістан облысында есепте тұр. Бұл көрсеткіш облыс халқының 4,6%-ын, ал республикадағы мүгедектігі бар адамдардың 14% құрайды.
Түркістан облысында мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында биыл жалпы көлемі 19,6 миллиард теңге қаржы бөлінген. Соныман қатар ерекше қажеттілігі бар адамдарды оңалту бағдарламасы аясында көрсетілетін қызметтерді қаржыландыру үшін 2026-2028 жылдарға жалпы 44,3 миллиард теңге қарастырылып отыр. Енді бұл қаржы келесі жылдан бастап аудандық және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің балансына беріледі. Осыған байланысты бөлінген қаржының мақсатты әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін мониторинг жүргізу жоспарланған.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл бағыттағы жұмыстарды ширатып, көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау бағытында жанашырлықпен жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Жауапты басқармалар мен мекеме басшыларына әлеуметтік қолдауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Атап өту керек, Түркістан облысында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, қоғамның әр санатындағы топтарына жан-жақты қолдау көрсету жұмыстары күшейтілген. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен қазанның 21-індегі мәжілісте мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғалуы бағытындағы жұмыстар сараланып, мәселелер талқыланған-ды. Өңір басшысы жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдіктеріне тұрғындарды әлеуметтік қолдау ісін жандандыра түсуді тапсырған болатын.
– Мүгедектігі бар тұрғындарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек сапалы әрі жүйелі болуы тиіс. Жауапты басқарма мен аудан, қалалардағы осы салаға жетекшілік ететін басшылар өз міндеттерін талапқа сай атқаруы керек. Бұл мәселе қатаң бақылауда болады, – деген Нұралхан Көшеров.
2021 жылдан бастап мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қорғау шаралары «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы көрсетіліп, оңалту және абилитациялау үшін қажетті тауарлар мен қызметтерді жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік беріліп, әлеуметтік қызметтерді алу процесі жеңілдетілген. Ал 2025 жылдан бастап санаторийлік-курорттық емдеу шаралары мен міндетті гигиеналық тауарларды, ымдау тілі маманы, жеке көмекші қызметін алуға өтініштер проактивті түрде қабылдануда. Нәтижесінде өтініш берушілер саны былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 17,5 пайызға немесе 62 628 өтініштен 75 898 өтінішке ұлғайған.
2024 жылдың қорытындысына сәйкес, оңалту бағдарламасы 95 пайызға орындалып, 66 860 өтініш қанағаттандырылды. Бұл мақсатта 17,1 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Биылғы 3-ші тоқсанның қорытындысына сәйкес, абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес оңалту құралдары мен арнаулы әлеуметтік қызметтерге 75898 өтініш қабылданып, 55502 өтініш қанағаттандырылған. Міндетті гигиеналық құралдармен қамтуға 2025 жылы бюджеттің барлық көзінен 6,8 миллиард теңге қаралған.
Осы тұста Әлеуметтік қызметтер порталындағы сапаны бақылау және алаяқтықтың алдын алу үшін маңызды ақпарат бере кетсек. Әлеуметтік қызметтер порталы (ӘҚП) — мүгедектігі бар азаматтарға оңалтудың техникалық құралдары мен әлеуметтік қызметтерді ыңғайлы форматта алу мүмкіндігін беретін цифрлық платформа. Соңғы уақытта порталда сыныптауыш талаптарына сай келмейтін тауарлар мен қызметтер, сондай-ақ күмәнді ұсыныстар анықталуда. Азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында төмендегі ақпаратты назарға ұсынамыз:
Бірінші. Сапасы талапқа сай келмейтін тауарлар мен қызметтер
Кейбір жеткізушілер стандартқа сай келмейтін өнім ұсынуда. Бұл азаматтардың қажеттілігін толық қамтамасыз етпеуге және бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкелуі мүмкін.
Екінші. Алаяқтық белгілері бар жағдайлар
Келесі күмәнді әрекеттерге назар аударыңыз:
- нарықтағы бағадан тым қымбат немесе керісінше өте арзан ұсыныстар;
- жалған сипаттамалар беру;
- жеткізу мерзімдерін қасақана созу;
- келісімшарт талаптарын орындамау;
- жеке деректерді заңсыз пайдалану.
Күмәнді жағдайларды байқасаңыз, дереу уәкілетті органға немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
Үшінші. Тараптардың жауапкершілігі
Жеткізушілер — бекітілген талаптарды сақтау, сапалы өнім ұсыну, жалған ақпарат бермеу.
Азаматтар — порталдағы ақпаратты мұқият зерделеу, күмәнді ұсыныстар туралы Комиссияға хабарлау, тек ресми арналарды пайдалану.
Төрінші. Талап бұзылған жағдайда қолданылатын шаралар:
- жеткізушіні порталдан шектеу немесе толық алып тастау;
- шартты бұзу;
- әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қарттарды да назардан тыс қалдырмайды
Естеріңізде болса, биыл 1 қазан – Халықаралық Қарттар күніне орай Сайрам ауданының Қарасу ауылында «Құрмет» ардагерлер үйі ашылды. Қазыналы қариялардың игілігіне берілген ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады.
– Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау аса маңызды. Бұл істе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек» деген болатын. Осы ретте, сіздер еліміздің, облысымыздың дамуына үлес қосып келесіздер. Ал бүгін Қарттар күніне орай облысымызда айрықша қуанышты сәтте кездесіп тұрмыз. Жаңадан «Құрмет» ардагерлер орталығы ел игілігіне берілуде. Баршаңызды орталықтың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Ардагерлерімізді ардақтап, оларды қолдау – біздің парасатты парызымыз. Өңірде осы бағытта жүйелі жұмыс жүруде, – деген Нұралхан Көшеров ардагерлердің еңбектерін жоғары бағалап, құрмет көрсетті. Қарттар күніне орай мерекелік дастарқан жайылып, ардагерлер мен зейнеткерлерге концерттік бағдарлама ұсынылды. Марапаттар тапсырылды.
Ардагерлер орталығының жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады. Мұнда зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Ғимараттың ауласы абаттандырылып, арнайы демалыс алаңшалары дайындалды. Бау-бақша жанынан терренкур орнатылып, скандинавиялық серуендеу жолы қарастырылды. Жаңа орталық бір ауысымда 200 адамды қабылдай алады. Сайрам ауданында орналасқан бұл мекеме ардагерлердің ем қабылдап, денсаулығын нығайтуға арналған. Мұнда демалушылардың жасы мен денсаулық жағдайы толық ескеріле отырып, емдік процедуралар қабылдауына жағдай жасалған. Сондай-ақ, дене шынықтырумен айналысып, диеталық тамақтануға, мәдени тынығуға мүмкіндік береді. Бүгінде мұндағы жатын бөлмелер, кең асхана, кітапхана мен демалыс залдары ардагерлердің күндерін мазмұнды өткізуіне сеп болып отыр.
Медициналық қызметтер қатарында физиотерапия, массаж, емдік денешынықтыру, парафин емі, ингаляция, тұзды ванналар, фитобар және заманауи емдеу құралдары бар. Сонымен қатар, ардагерлер үшін концерттер, шығармашылық байқаулар, ұлттық ойындар мен рухани кештер тұрақты өткізіліп келеді.
«Ардагерлер үйі» – бұл тек демалыс орны ғана емес, қарттарға құрмет пен қамқорлық көрсететін жайлы орта.
Жалпы бұған дейін облыс ардагерлеріне Шымкент қаласында 1976 жылы салынған ескі ғимарат қызмет көрсетіп келген. Сондықтан «Ардагерлер үйін» облыс аумағына көшіру және заман талабына сай ету мақсатында жаңа ғимарат таңдалды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында 200 мыңнан аса зейнеткер бар. Бұл облыс халқының 10 пайызына жуық. Облыста 100 жастан асқан 51 қария тұрады. Өңірде ардагерлерді қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы атап өтіліп, майдангерлерге, тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Қариялардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін өңірде 21 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды. Ол мекемелерде 10 мыңнан астам зейнеткер тынығып, уақыттарын тиімді өткізуде. Жыл сайын 8 мыңға жуық қария облыстық бюджет есебінен демалыс орындарында демалып, денсаулығын түзейді.
Одан бөлек облыс бойынша арнайы «Қариялар – елдің қазынасы» атты іс-шаралар жоспары бекітілді. Іс-шара спорт, білім және денсаулық салаларын қамтиды. Осы арқылы аға буынға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр.
Жұмыссыз жастарға мүмкіндік: «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны»
Түркістан облысы бойынша 2025 жылға арналған жұмыс орындарын құрудың «Өңірлік картасы» бекітілген. Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында аталған екі жоба бойынша 11 052 орын жоспарланған.
Ағымдағы жылдың 11 айында 10 016 жас жұмысқа жолданып, жоспар 90,7% орындалды. Жыл соңына дейін толық орындау көзделуде.
Сол жастардың бірі – Үміт Абдуалиев. Кентау қаласының тұрғыны, 2025 жылы жоғары оқу орнын аяқтаған. Биылдан бастап туған қаласындағы білім беру мекемелерінің бірінде «Жастар практикасы» жобасы аясында мұғалім болып еңбек жолын бастады. Бүгінде ол Қазақстан тарихы пәнінен екі тілде сабақ беріп жүр.
Бүгінде жастар «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламалары арқылы алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие. Жастар практикасы – техникалық, кәсіптік немесе жоғары оқу орнын бітірген түлектерге мамандығы бойынша алғашқы тәжірибе алу үшін берілетін мүмкіндік.
Қатысу шарттары:
– жасы 35-тен аспау;
– оқу бітіргеніне 5 жыл өтпеуі;
– мамандығы бойынша тәжірибесінің болмауы;
– жұмыссыз ретінде тіркелуі;
– тәжірибе мерзімі – 12 айға дейін;
– айлық жалақысы – 30 АЕК-тен аспайды.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы – жұмыс іздеп жүрген, тәжірибесі жоқ жастарға бағытталған.
Шарттары:
– жасы 35-тен аспау;
– жұмыссыз ретінде тіркелу;
– тәжірибесінің болмауы;
– жалақысы – 30 АЕК-тен аспайды;
– жұмыс тәжірибесі – 18 айға дейін.
Жастарға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі – осындай нақты нәтижеде!
Кәсіпорындарға жұмысқа қалай орналасуға болады?
Жұмыс берушілер «Enbek.kz» порталында бос жұмыс орындарын жариялайды. Мұнда зауыттарға арналған жұмыс түрлері, талаптар мен жалақы көрсетіледі. Жергілікті мансап орталықтары арқылы жұмыссыз азаматтарға немесе жас мамандарға «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары бойынша жолдама беріледі. Жұмыс іздеуші «Enbek.kz» порталынан немесе мансап орталықтары арқылы өзіне лайықты бос орындарды қарап, түйіндемесін жолдай алады. Мансап орталығы білімі мен тәжірибесіне қарай жұмыс ұсынады. Егер лайықты орын табылса, азаматқа жолдама қағаз немесе электронды түрде беріледі. Жолдамада мекеме атауы, лауазым, сұхбат уақыты мен байланыс нөмірі көрсетіледі. Азамат сұхбатқа барып, жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.
Айта кетейік, 2025 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдайға үңілсек, Түркістан облысы бойынша 9 ірі кәсіпорынға 372 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Атап айтқанда, Сайрам ауданы бойынша «Kaz eco meat» ЖШС-на 36 адам, «AYKAN» ЖШС-на 10 адам, Созақ ауданы бойынша «Волковгеология ГРЭ-5» АҚ-на 55 адам, «Волковгнология ГРЭ-7» АҚ-на 45 адам, «KapLogistic» ЖШС-на 65 адам, «Drilling» ЖШС-на 36 адам, Сарыағаш ауданы бойынша «Bah_Asmar» ЖШС-на 45 адам, Ордабасы ауданы бойынша «Altyn Land» ЖШС-на 55 адам, «CENTRAL ASIA ALUMINUM» ЖШС-на 25 азамат тұрақты жұмысқа орналасты.
Жұмыс демекші, сөз соңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Корея Республикасының Әділет министрлігімен заңсыз көші-қонды азайту және азаматтарымыздың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жүргізілген келіссөздер барысында, Кореяда заңсыз жұмыс істеген қазақстандықтарға айыппұлсыз және қайта кіруге тыйым салынбастан елден ерікті түрде шығуға мүмкіндік беретін ерікті қоныс аудару бағдарламасының мерзімдерін кеңейтуге уағдаласқанын айтқымыз келеді. Біздің отандастарымыз бұл мүмкіндікті 2025 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы ақпан айына дейін қоса алғанда пайдалана алады.
Бұл шаралар құқықтық салдарларды жеңілдетуге және өз мәртебесін реттеуге дайын адамдарды қолдауға бағытталған. Бағдарлама қылмыстық құқықбұзушылық жасаған, мәжбүрлеп шығару шарасына жататын, сондай-ақ 2025 жылғы 1 желтоқсаннан кейін заңсыз мәртебеге түскен шетелдіктерге қолданылмайды.
Бағдарламаға қатысу үшін төлқұжат, ерікті қоныс аудару туралы өтініш және әуе билеті қажет. Алдын ала хабарлама Корея Республикасының иммиграция кеңселері арқылы ұшу күніне дейін 15-тен 3 күнге дейінгі мерзімде беріледі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтарды шетелде тек заңды негізде жұмысқа орналасуға шақырады. Бұл заңсыз көші-қон мен елден шығарып жіберу, айыппұлдар, құқықтық шектеулер және еңбек қанауы сияқты тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Тек ресми және тексерілген еңбек ресурстары арналарына жүгіну қажет: лицензияланған жеке жұмыспен қамту агенттіктері, мемлекеттік бағдарламалар және жұмыс берушілердің ресми ұсыныстары.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелде жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
