
Түркістан облысында зейнет жасына жақындаған азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Күміс жас» жобасы аясында жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр.
2023-2025 жылдар аралығында жобаға жолданған азаматтардың ішінен 4688 адам 2026 жылы да қызметін жалғастыруда. Бұл көрсеткіш аталған бағдарламаның тиімділігін айқын көрсетеді. Ал 2026 жылға белгіленген жоспар бойынша 1100 азаматты жұмыспен қамту көзделген болатын. Бүгінгі таңда бұл жоспар толықтай орындалып отыр.
Аталған жоба еңбек нарығында тәжірибесі мол азаматтарды қолдауға, олардың тұрақты табыс табуына және әлеуметтік белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлеек Түркістан облысында «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар да тұрақты түрде іске асырылуда. 2025 жылы мүгедектігі бар 6538 азаматты жұмыспен қамту жоспарланып, 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 4689 адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетілді. Бұл – жоспардың 71,7 пайызы.
Жұмыспен қамту шараларымен қамтылған 4689 азаматтың 2341-і тұрақты жұмысқа орналастырылса (49,9%), 1230 адам уақытша жұмыс орындарына жолданды (26,2%). 840 адам «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жіберілсе (17,9%), 278 адамға жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант берілді (5,9%).
Уақытша жұмыс орындарына жолданғандар арасында 110 адам – әлеуметтік жұмыс орындарына, 156 адам – жастар практикасына, 775 адам – қоғамдық жұмыстарға, 47 адам – «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 142 адам – «Күміс жас» жобасына тартылды.
Сондай-ақ ауыр және зиянды еңбек жағдайларын есептемегенде, жұмыс орындарының 2-4 пайызы көлемінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған квота белгілеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 302 адамға квота белгіленіп, оның 299-ы нақты жұмысқа орналастырылды. Көрсеткіш – 99 пайыз.
Айта кетейік, 2026 жылы облыс бойынша 6600 мүгедектігі бар азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар еңбек нарығына қолжетімділікті арттыруға және азаматтардың әлеуметтік-экономикалық белсенділігін күшейтуге бағытталған.
Еске салайық, “Күміс жас” – жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа толмаған, 50 жастан асқан жұмыссыз адамдарды жұмысқа орналастыру үшін құратын еңбекақысы субсидияланатын жұмыс орны. Жұмыстың ұзақтығы 36 айдан аспайды, аяқталғаннан кейін қатысушыға зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орны беріледі.
Жалақыны жұмыс беруші белгілейді және төлейді, бұл ретте 30 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайтындай мемлекет алғашқы 12 айда — жалақының 70%-ын; 13 айдан 24 айға дейін — жалақының 65%-ын; 25 айдан 36 айға дейін жалақының 60%-ын төлейді.
Жолдама алу үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгіну қажет. Тіркелген жұмыссыздар “Enbek.kz” порталындағы бос жұмыс орынды да таңдай алады
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
