
Түркістан облысын дамытуда тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары есепке алынып, көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдап, олардың арыздары мен өтініштерін тыңдады. Азаматтар әкімге тікелей сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізіп жатыр. Еркін форматта өткен қабылдауда азаматтар, негізінен, жеке мәселелерін көтерді. Сондай-ақ қабылдауға облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, аудан-қала әкімдіктерінің, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, азаматтардың сұрақтарына жауап берді.
Түркістан облысының әкімі тұрғындардың өтініші назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.
– Түркістан облысында азаматтарды жеке қабылдау тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Біз үшін облысты дамытуда тұрғындардың әрбір өтініші маңызды. Себебі, өңірдің мәселесін жергілікті тұрғындардан артық ешкім білмейді. Көтерілген әрбір азаматтың өтініші назардан тыс қалмайды. Тұрғындардың мәселелерін заң аясында шешу үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріледі. Орындалу барысы менің қатаң бақылауымда болады, – деді Нұралхан Көшеров.
Ашық диалог алаңында 100-ге жуық тұрғын түрлі салалар бойынша мәселелерін жеткізді. Көтерілген өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй мен әлеуметтік көмек, денсаулық сақтау мен жұмысқа орналасу, жер және инфрақұрылымға қатысты болды. Облыс әкімі әрбір өтінішке мұқият назар аударып, шешу жолдарын да қарастырды. Облыс әкімінің жауапты орынбасарлары мен басқарма басшыларына жіті зерделеп, заң аясында шешім қабылдау бойынша нақты тапсырмалар берді. Тұрғындар көтерген мәселелердің бір бөлігі сол жерде-ақ оң шешімін тапса, қалғаны бақылауға алынды. Сонымен бірге қабылдауға жазылған тұрғындарға демеушілер есебінен мерекелік сыйлық тапсырылды.
Таңертеңнен басталған жеке қабылдау кешке дейін жалғасты. Яғни Түркістан қаласында облыс әкімі Нұралхан Көшеров күні бойы азаматтардың мұң-мұқтаждары мен талап-тілектерін тыңдап, өзекті мәселелердің шешу жолдарын қарастырды. Қабылдауға күні бойына облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, аудан-қала әкімдіктері, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері де қатар қатысып, мәселелерді шешуге атсалысты. Тұрғындар көтерген мәселелердің бір бөлігі сол жерде оң шешімін тапса, кейбір мәселені шешу уақыт талап етеді.
Еркін форматта өткен кездесуде көтерілген әрбір мәселе жіті зерделеніп, заң аясында шешімін табады.
Түркістан облысында мемлекеттік органдардың халықпен байланысын нығайту, ашықтықты қамтамасыз ету және жергілікті деңгейдегі түйткілдерді жедел шешу бағытындағы жұмыстар тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері Түркістан облысының әкімі мен оның орынбасарлары 1 мыңнан аса тұрғынды жеке қабылдап, талап-тілектерін тыңдаған. Жеке қабылдаулар ай сайын тұрақты түрде өткізілуде. «Мұндай қабылдаулар алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындармен кері байланыс одан әрі күшейтіледі», — дейді өңір басшысы.
Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді. Қабылдауға «egov.kz» порталы, «е-otinish» бірыңғай базасы арқылы және «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады. Айтпақшы, қараша айында Түркістан облысының әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік–процестік кодексінің талаптарын сақтау және «E-Otinish» ақпараттық жүйесінде жеке және заңды тұлғалардың арыздарын орындау мәселелері бойынша семинар оқыту жұмысы жүргізілген-ді.
Семинарға Түркістан қалалық әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлері де қатысты. Кездесу барысында қатысушылар тақырыпқа қатысты сұрақтар қойып, өзекті мәселелерді талқылады.
Сондай-ақ, семинарда қалалық әкімдіктің мемлекеттік мекемелерінде арыздарды қарауға жүргізілген мониторинг нәтижелері, көрсеткіштер және анықталған кемшіліктер туралы ақпарат берілді.
Қала басшысы тұрғындардың жеке мәселелерін тыңдады
Ал Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жоспарлы жеке қабылдауын желтоқсанның 10-ында өткізіп, тұрғындардың әлеуметтік маңызы бар өтініштері мен ұсыныстарын қараған болатын. Қабылдауға алдын ала тіркелген 15 қала тұрғыны қатысты. Азаматтар тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігі тұрғын үй менжер қатынастары, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау салаларына қатысты болды. Атап айтқанда, 6 тұрғын үй мәселесі, 4 жер теліміне қатысты сұрақ, 2 білім саласына байланысты өтініш, 1 денсаулық мәселесі және әлеуметтік қамту мен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған ұсыныстар айтылды.
Қала әкімі әрбір өтінішті жеке зерделеп, мәселелердің шешілуін қамтамасыз ету мақсатында тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар берді. Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындар көтерген сұрақтардың толық зерттеліп, заң аясында қажетті шаралар қабылданатынын да атап өтті.
Айта кетейік, Түркістан қаласы әкімінің жеке қабылдауы бекітілген кесте бойынша әр айдың үшінші сәрсенбісінде өткізіледі. Қабылдауға жазылу «Е-отініш» ақпараттық жүйесі арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығы – «Фронт-офисте» жүзеге асырылады.
Мұнан бөлек желтоқсанның 8-інде әлеуметтік саланы дамыту және тұрғындардың өзекті мәселелерін назарда ұстау мақсатында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлы азаматтарды жеке қабылдаған-ды. Алдын ала жазылған тұрғындардың өтініштері мұқият тыңдалып, көтерген мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қабылдау барысында тұрғын үй мен кәсіпкерлік, экономика және туризм салалары бойынша бірқатар сұрақтар қаралды. Аманжол Бақытжанұлы тұрғын үйге қатысты арыз-шағымдар, әлеуметтік қолдау, тұрмыстық мәселелер мен апатты үйлерді жөндеу және қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы өтініштерге басымдық берді. Бірқатар өтініштер сол сәтте шешімін тауып, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Ал қосымша зерттеуді қажет ететін мәселелер заң аясында қаралып, тиісті шаралар қабылданатыны айтылды. Қала әкімінің орынбасары тұрғындармен ашық байланыс орнату, әр өтінішке жедел әрі тиімді жауап беру басты міндет екенін атап өтті.
Айта кетейік, Аманжол Бақытжанұлының азаматтарды жеке қабылдауы әр жұма күні бекітілген кестеге сәйкес өткізіледі. Қабылдауға «Е-Өтініш» жүйесі немесе Азаматтарды қабылдау орталығы арқылы жазылуға болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
