Түркістан облысының әкімі Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады

Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында өңір басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталып, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады.

– Осы жылы да бірінші кездесуімді киелі Түркістан қаласының тұрғындары – өздеріңізбен өткізгенді жөн санадым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылдың қаңтар айында Қызылорда қаласында Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысында еліміздің келешек даму бағдары мен қоғамдағы өзекті мәселелер туралы ойларын ортаға салды. Бұл бастамалар мемлекеттік басқаруды ықшамдап, оның тиімділігін арттыруға, халықтың жағдайын одан әрі көтеруге бағытталған. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, облыс әкімдеріне барлық аудан, қалалардың тұрғындарымен кездесіп, мәселелерді ашық диалог алаңында шешу міндеттелген. Былтырғы кездесуде Түркістан қаласы бойынша 17 мәселе көтерілген. Олардың 16-сы шешімін тауып, 1 мәселесі биыл шешіледі. Сіздер сұраған спорт кешендердің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Одан бөлек 111 көшеге асфальт төселді. Осының барлығы сіздердің қала тұрғыны ретінде белсенді ұстанымдарыңыз бен жергілікті әкімдікпен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде жүзеге асты. Бүгінгі кездесуде де белсенділік танытып, ойларыңызда жүрген мәселелерді бірге талқылап, шешімін табуға атсалысайық, – деген Нұралхан Көшеров мемлекеттің қолдауы мен жүйелі жұмыстың нәтижесінде Түркістан қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім қалыптасқанын атап өтті.

Жалпы өңірлік өнім көлемі 2025 жылы 526,3 млрд теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 15,5 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнім көлемі 2025 жылы 45,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 10,3 пайызға артқан. Шаһарда жаңа нысандар салынып, туристік, өндірістік әлеует көтеріліп келеді.

Халықпен кездесуде қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының өткен жылғы жұмыстар бойынша баяндамасы тыңдалды.

Одан кейін қала тұрғындары тарапынан көтерілген өзекті мәселелер тыңдалып, ұсыныс-пікірлер қабылданды. Әрбір азаматқа өз пікірін еркін айтуға, өтініш-тілектерін жеткізуге толық мүмкіндік берілді. Тұрғындар жерді заңдастыру, баспанамен қамту, инфрақұрылым, қоғамдық көлік, тұрғын үйлердегі кемшіліктер, әлеуметтік қолдау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол сапасы, білім, туризмді дамыту, әлеуметтік нысандар құрылысы және өзге де мәселелерді қозғады.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров әрбір сұраққа нақты жауап беріп, жауапты басқарма басшылары мен тиісті мекеме жетекшілеріне тапсырмалар жүктеді. Көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешілуі бақылауға алынатынын жеткізді.

Кездесуге қатысқан тұрғындар өңірдегі, қаладағы ілкімді істер мен бастамаларға оң бағаларын беріп, көтерілген мәселелер шешімін табатынына сенімін білдірді.

Айта кетейік, Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық берілген. Өңір экономикасына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 121,6 пайызды құрады. Оның ішінде 1,1 трлн теңгесі – жеке инвестиция. Экономиканы әртараптандыру мақсатында өткен жылы 340 млрд теңгеге 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Оның ішінде мақта өңдеу, алюминий бұйымдары, тұрғын үйлерге арналған газ қазандықтары және сусын шығаратын зауыттар, уран және әк өңдеу кешендері ашылды. Мемлекеттік бюджетке салық түсімі алдыңғы жылмен салыстырғанда 234 млрд. теңгеге өсіп, алғаш рет 1 трлн теңгеге жетті.

Одан кейін тұрғындарды жеке қабылдап, олардың талап-тілектері мен ұсыныстарын тыңдады. Облыс әкіміне тікелей мәселесін жеткізуге 50-ға жуық азамат келді.
Жеке қабылдау барысында тұрғындар тұрғын үй алу, жерді заңдастыру, құрылыс сапасы, инфрақұрылымды жақсарту, заңсыз құрылыс, әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамтуға қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Сонымен қатар білім, денсаулық сақтау салаларына қатысты өтініштер мен ұсыныстар айтылды.
Түркістандық азаматша тұрғын үй кезегінен шығарылуына байланысты наразылығын білдіріп, қызына мемлекет тарапынан берілген пәтердің сапасына шағымданды. Өтініш иесінің атында үй болғандықтан, тұрғын үй кезегінен шығарылған. Дегенмен, бұл мәселе зерделеніп, заң аясында шешімін таппақ. Құрылыс сапасына қатысты мердігерлерге кемшілікті қалпына келтіру бойынша уақыт берілді. Тағы бір тұрғын әлеуметтік көмек көрсету және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Оған тұрғын үй заң аясында кезек реттілігімен берілетіні түсіндіріліп, әлеуметтік көмек қарастырылатындығы айтылды.
Бұдан бөлек, көпқабатты тұрғын үйлерді басқару компаниясының сапасыз жұмысы, жөндеу жұмыстарының сапасы, бейнебақылау камераларының істен шығуы, тұрғын үй аулаларын абаттандыру бойынша мәселелер айтылды. Жер телімін алу және тұрғын үйге қатысты түйткілдер де көтерілді. Сонымен қатар қабылдауға келген азаматтар жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша өз қызметтерін ұсынды, психологиялық-педагогикалық түзету орталығын ашу қажеттілігі туралы ұсыныс білдірілді.
Әрбір өтінішті мұқият тыңдаған облыс әкімі тиісті басқармалар мен жауапты мекемелерге аталған мәселелерді заң аясында жан-жақты зерделеп, нақты шешім қабылдау жөнінде тапсырма берді. Бірқатар мәселе сол мезетте шешімін тапты. Зерделеуді қажет ететін талап-тілектер заңға сәйкес қаралатын болады.
Өңір басшысы тұрғындардың ұсыныс-пікірлері өңірді дамытуда ескерілетінін атап өтіп, азаматтардың өтініштерін заң аясында қарау және жүйелі шешім қабылдау басты назарда екенін жеткізді. Сондай-ақ халықпен кері байланысты күшейту, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жалғасатынын айтты.

«ANYQ.KZ»ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You