![]()
Суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту мақсатында «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы Жетісай және Мақтаарал аудандарында сор шаю жұмыстарын жүргізді.
Жалпы алғанда, филиал Жетісай ауданындағы 53,6 мың гектар және Мақтаарал ауданындағы 41 мың гектар алқапта сор шаю үшін 400 миллион текше метр су жіберді. Сонымен қатар Шардара ауданында 8,1 мың гектар алқапта топырақты ылғалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда бұл мақсатқа 262 миллион текше метр су берілген. Өңір диқандары судың уақытылы жеткізілгені үшін «Қазсушар» РМК мамандарына алғыс білдіруде.
«Жеті гектар жерде мақта өсіріп отырмыз. Қазір егіске дайындық үшін алқаптарды ылғалдандырып жатырмыз. Су уақытында әрі жеткілікті көлемде келіп тұр. «Қазсушар» қызметкерлеріне алғыс айтамын. Тұрақты су жеткізудің арқасында биыл мол өнім аламыз деп үміттенеміз», — деді шаруа Ақжан Сүлейменбеков.
«Сор шаю жұмыстары былтыр желтоқсан айында басталды. Бүгінде бұл жұмыстар толық аяқталды. Қазір суармалы алқаптарға көкөніс пен бақша дақылдарын суару үшін су беріп жатырмыз. Сор шаю жұмыстары мақта дақылын өсіру үшін аса маңызды. Жоғары өнім алу үшін топырақтағы тұз мөлшерін төмендету қажет. Ал ылғалдандыру жұмыстары егіс алдындағы дайындық кезеңінде жүргізіледі», — деді «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы Жетісай өндірістік бөлімшесінің басшысы Нұртас Тұрсынбеков.
Мақтаарал ауданында мақта егу науқаны басталды
Айтпақшы, биыл Мақтаарал ауданында көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізіліп, мақта егу науқаны басталды.
Ауданда мақтаны егу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда аудан бойынша 1494 гектар аумаққа мақта шиті себілді. Жалпы, Мақтаарал ауданында 60 мың гектардан астам егістік жер бар. Бүгінгі күнге дейін оның 20 мың гектарға жуығы тырмаланып, 14 мың гектары шыжылданған. Бұл алқаптар толықтай мақта егуге дайын күйге келтірілген. Ауа райының қолайлы жағдайына байланысты егіс жұмыстары алдағы күндері қарқын ала түседі деп күтіліп отыр.
Ауданда озық агротехнологияларды енгізу бағытында да нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Солардың бірі – А.Қалыбеков ауылдық округінде орналасқан «Қалдан» шаруа қожалығы қолдана бастаған қос жүйек технологиясы. Шаруа қожалығының басшысы Асылхан Қасымбеков биыл 40 гектар жерге мақтаны осы жаңа тәсілмен егіп жатыр. Бұл технология бойынша қос жүйектің арасы 6 сантиметрді, ал қатар аралығы 90 сантиметрді құрайды. Дәстүрлі әдісте бір гектарға шамамен 25 келі мақта шиті себілсе, жаңа технология арқылы бұл көрсеткіш 40 келіге дейін артқан. Мамандардың айтуынша, мұндай тәсіл өнімділікті екі есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл әдіс су мен тыңайтқышты тиімді пайдалануға да оң әсерін тигізеді. Қожалық басшысы өзінің егістік жерінен бөлек, басқа да шаруалармен тәжірибе бөлісіп жатыр.
Аудан диқандары мақтадан бөлек басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын егуде белсенділік танытып отыр. Бүгінгі таңда 571 гектарға қырыққабат, 640 гектарға дәнді-бұршақты дақылдар, 610 гектарға жүгері мен арпа, 30 гектарға маш, 95 гектарға сүрлемдік жүгері, сондай-ақ 4947 гектарға бақша дақылдары егілген.
Жалпы, Мақтаарал ауданында көктемгі дала жұмыстары белгіленген агротехникалық талаптарға сай жүргізіліп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға бағытталған. “Жаңа технологияларды енгізу мен егіс алқаптарын әртараптандыру ауданның аграрлық әлеуетін арттыруға және өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді”, — дейді мамандар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
